Алдағы уақытта сенімхатты бір жерден екінші жерге жіберу үшін пошта яки курьер қажет болмауы мүмкін.
ERNUR.KZ. Нотариустар сенімхатқа электронды цифрлық қолтаңба арқылы қол қоюы мүмкін. Сенімхатты енді бір жерден екінші жерге жіберу жеңілдей түспек, деп хабарлайды «Хабар 24».
Алдағы уақытта сенімхатты бір жерден екінші жерге жіберу үшін пошта яки курьер қажет болмауы мүмкін. Бұл құжатқа электронды цифрлық қолтаңба арқылы қол қоятын мүмкіндік тумақ. Қалай дейсіз ғой, бұл процесс былай жүреді. Мәселен, сіз елордада бір құжатты рәсімдедіңіз делік. Ал оны Алматыға жөнелту қажет. Міне, осы орайда нотариус әлгі қағаздарды электронды нұсқаға аударады. Сөйтеді де, оған өзінің электронды цифрлық қолтаңбасы арқылы қол қояды. Содан соң құжатты бірыңғай ақпараттық жүйеге жүктейді. Ал, Алматыдан құжатты алатын адам нотариусқа барып, әлгі жердегі базадан сенімхатты шығарып алады.
Бұдан бөлек, азаматтар құжаттарын жоғалтып алса, оны іздеу де оңай болмақ. Бірақ әлгі қағаздар нотариуста рәсімделген болуы тиіс. Сол кезде жоғалған құжатты ақпараттық жүйеден алуға болады.
- Барлық құжат біздің бірыңғай ақпараттық жүйедегі цифрлық кеңістікте болады. Әрбіріне QR код беріледі. Тиісінше жүйе құжаттардың жалған емес екеніне жауап береді. Мысалы, сіз банкке барсаңыз, ондағы қызметкер біздің ақпараттық порталға кіріп, код арқылы құжатты тексере алады, - дейді республикалық нотариалдық палата төрайымы Әсел Жанәбілова.