Полицейлер заң бұзған адамды тапты.
ERNUR.KZ. Елордалық жүргізушінің айыппұлдары Шымкент тұрғынына тіркелген, - деп жазады Tengrinews.kz.
Астаналық тұрғын жапсырма арқылы "F" әрпін "Е" әрпіне ауыстырып, өзінің мемлекеттік нөмірін өзгерткен. Соның салдарынан айыппұлдар Шымкент тұрғынына келіп тұрған. Жол ережесін бұзған басқа адамның айыппұлдары өзіне келген соң шымкенттік тұрғын ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың блогы мен Нұр-Сұлтан қалалық полициясының әкімшілігіне жүгінген. Айыппұлдар оған 2018 жылдан 2019-дың сәуіріне дейін келіп тұрған.
Полицейлер заң бұзған адамды тапты. Жасанды нөмірі бар көлік уақытша сақтау үшін коммуналдық тұраққа қойылды. Көлік қожайыны Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 590-бабы, 4-бөлімі бойынша жазалануы мүмкін. Яғни, ол 50 500 теңге көлемінде айыппұл төлеп, бір жылға көлік жүргізу құқығынан айырылуы ықтимал. Шешімді Нұр-Сұлтан қалалық әкімшілік соты қабылдайды.