Нұрай Серікбай ісі: Алғашқы сот отырысының күні белгіленді

0
154

Қаңтарда Шымкентте 21 жастағы студентті жас жігіт асқан қатыгездікпен пышақтап өлтірген еді.


Нұрай Серікбай ісі: Алғашқы сот отырысының күні белгіленді

Фото: Әлеуметтік желіден

ERNUR.KZ. Шымкентте 21 жастағы Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты іс бойынша алғашқы сот отырысының күні белгіленді, деп жазады stan.kz.

Жәбірленуші тараптың адвокаты Аянхан Омаровтың хабарлауынша, алдын ала тыңдау 2026 жылғы 21 шілдеде сағат 10:00-де мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі сотта өтеді.

“Жәбірленуші тараптың мүддесін адвокаттар Аяхан Омаров пен Мұхаммеджан Ахметов қорғайды”, – делінген жазбада.

Алдын ала тыңдау барысында сот істің мәні бойынша қаралуға дайын немесе дайын еместігін анықтайды. Сондай-ақ дәлелдемелерді зерттеу тәртібі және сот процесінің алқабилердің қатысуымен өтетіні немесе өтпейтіні туралы мәселе шешіледі.

Істің мән-жайы

Еске салайық, қаңтарда Шымкентте 21 жастағы студентті жас жігіт асқан қатыгездікпен пышақтап өлтірген еді. Нұрай Серікбай оқиға орнында тіл тартпай кетті. Күдікті көзі тірісінде қыздың қыр соңынан қалмай, тіпті алып қашқаны да анықталған. Полиция адам өлтіру мен сталкинг баптары бойынша қылмыстық іс қозғап, тергеу жүргізуде.

Алайда араға үш ай салып 28 жастағы жігіттің уақытша ұстау изоляторынан Талғардағы психикалық орталыққа ауыстырылғаны белгілі болды. Марқұмның туыстары күдіктінің анықтама алып, жауапкершіліктен құтылып кетуі мүмкін екенін айтып, дабыл қақты.

Артынша ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов сот-психиатриялық сараптамаға сәйкес, айыпталушы есі дұрыс деп танылғанын және заң алдында жауап беретінін хабарлады. Вице-министрдің айтуынша, іс бойынша тергеу аяқталуға жақын.