"О дүниелік" адам "Nur Otan" праймеризіне келді

0
684

Партиялық бақылау комиссиясы азаматтардың хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысын жауапқа тартуды талап етті.


ERNUR.KZ. Алматы облысының тұрғыны Кенжебек Алпысбаев "Nur Otan" праймеризіне қатысуға өтініш беру барысында қызық жағдайға тап болды. Партияішілік іріктеуге қатысуға ниет танытқан азамат партияның Алакөл аудандық филиалына барғанда, қағаз жүзінде өзінің "о дүниелік" болып кеткенін естіп таң қалды, деп жазады zakon.kz.

"Мен осы кезге дейін еш алаңсыз өмір сүріп, жұмысымды істеп жаттым. "Nur Otan"-ның праймериз туралы жариялағанын естіп, ауылдастарымның мәселелерін шешуге ықпал ету үшін, аудандық мәслихатқа үміткер депутат ретінде праймеризге өтініш беруді ұйғардым. Партияның арқасында АХАЖ-дың осыдан 9 жыл бұрын мені өлгендердің санатына қосып жібергенін білдім", - деп ашуланды Кенжебек Алпысбаев.

Өз кезегінде Алматы облыстық Партиялық бақылау комиссиясы бұл келеңсіздікті жойып, Кенжебек Алпысбаевты праймеризге қатысуға ниет білдірген үміткер ретінде тіркеді. Сонымен бірге "Nur Otan" өз ісіне немқұрайлы қарағандарды жауапқа тартып, тиісті шара қолдануды талап етті.

"Ашығын айтсам, мұндай жауапсыздыққа не дерімді білмей отырмын. Еш негізсіз адамды өлді деп қалай жаза салуға болады?", - деп мәлімдеді облыстың партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Ермек Келімсейіт, Алакөл аудандық әкімі аппаратының жетекшісі Дамир Сатыбалдиевқа партиялық сөгіс беруді ұсынып.

Сондай-ақ партиялық бақылау комиссиясы азаматтардың хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Динара Мұхамеджановаға байланысты тәртіптік жауапкершілік шарасын қолдануды талап етті.

Бір апта бұрын елімізде "Nur Otan"-ның партияішілік іріктеуі - праймеризге қатысу үшін өтініштер қабылдау басталғанын естеріңізге сала кеткіміз келеді. Партия Лидері Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен "Nur Otan" праймеризі еліміздің партиялық-саяси даму тарихында тұңғыш рет республикалық партияішілік сайлау ауқымында өтеді.

Бұдан бұрын партия Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің атап өткеніндей, бұл – Елбасының бастамасымен қолға алынған "Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам" партия жұмысын "қайта жандандыру" бағдарламасының қорытынды кезеңдерінің бірі. Праймериздің негізгі мақсаты – алдағы Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихат сайлауларына партиялық тізімдерді қалыптастыру үшін бәсекелес күрес негізінде жаңа көшбасшыларды айқындау.

Партия баспасөз қызметінің хабарлауынша, бір апта ішінде праймеризге қатысуға 7000-ға жуық адам өтініш берген. Олардың 2398-і әйел, оның ішінде 100-і – көпбалалы ана, 1706-сы – 35 жасқа дейінгі жас. Бастауыш партия ұйымдары арқылы 2444 адам ұсынылса, 4589 кандидат – өзін-өзі ұсынғандар.

Билеуші партияның баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сәйкес, праймеризге қатысу үшін өтінішті https://primaries.kz/ сайтында "Праймериз" ақпараттық жүйесі арқылы онлайн жолдауға немесе аумақтық ұйымдастыру комитеттеріне жеке өтініш беруге болады. Кандидаттарды ұсыну және тіркеу 28 тамызға (қоса есептегенде) дейін жалғасады.

Партия құндылықтарын ұстанатын және сайлау құқығы бар кез келген азамат үміткер бола алады. Ол үшін праймеризге қатысушыларды тіркеу мерзімі аяқталғанға дейін "Nur Otan" мүшелігіне өту керек.
Праймериз өткізу, сондай-ақ кандидаттарға ұйымдастырушылық және құқықтық қолдау мәселелері бойынша "Nur Otan" партиясы 8 (800) 080 4441 арнайы жедел желіні іске қосты.