Жағдай күрделене түссе немесе шұғыл көмек қажет болса, тәулік бойы жұмыс істейтін “111” сенім телефонына хабарласуға кеңес беріледі.
ERNUR.KZ. Қазақстанда жасөспірімдер арасында денсаулыққа аса қауіпті жаңа әдеттің белең алып бара жатқаны анықталды. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова мәлімдеді, деп жазады baq.kz.
Комитет төрағасының айтуынша, кей балалар арасында “көңілді газ” деп аталатын улы затты және өзара “карб” атауымен белгілі карбюратор тазартқыш сұйықтықты иіскеу кең тарала бастаған. Жасөспірімдер мұны көңіл көтеру немесе уақытша есеңгіреу үшін қолданады. Алайда мамандар бұл әрекет аса қауіпті екенін ескертуде.
Мұндай заттар ағзаға ауыр зиян келтіреді. Оттегінің жетіспеуіне, есінен тануына, тырысуға, тыныстың тарылуына, жүйке жүйесінің зақымдануына әкелуі мүмкін. Тіпті бір-ақ рет иіскеудің өзі улану мен психологиялық тәуелділікке әкелуі ықтимал, – деді Насымжан Оспанова.
Оның айтуынша, мұндай қауіпті тәжірибеге бару көбіне жасөспірімдердің ортада мойындалуға, достары арасында қабылдануға тырысуынан басталады. Бұл – баланың ішкі жан дүниесінің күйзеліске түскенінің және қолдауға зәру екенінің белгісі.
Оспанова ата-аналарды ерекше сақ болуға шақырды.
Баладан мына белгілер байқалса, дереу әрекет ету қажет:
- көңіл күйінің күрт өзгеруі;
- киімінен бөгде химиялық иіс шығуы;
- сөмкесінен белгісіз баллондар немесе бөтелкелер табылуы;
- әлсіздік, бас айналу;
- ауыз маңындағы қызару.
Бұл жай шаршау емес, бұл – дабыл. Баламен ашық сөйлесіп, мұндай әуестіктің салдары қаншалық қауіпті екенін түсіндіру маңызды. Алғаш күмән туындаған сәтте мектеп мұғаліміне, психологқа немесе қолдау орталығына жүгініңіз, – деді Комитет төрағасы.
Жағдай күрделене түссе немесе шұғыл көмек қажет болса, тәулік бойы жұмыс істейтін “111” сенім телефонына хабарласуға кеңес беріледі.
Бала өмірі – аманат. Баланың денсаулығы – баға жетпес байлық. Кешігуге болмайды, – деп атап өтті Насымжан Оспанова.


