Бұл әрбір балаға мәдени мұрамен етене танысып, рухани байи түсуге жол ашатын игі бастама.
ERNUR.KZ. Оқушылар жазғы уақытта мұражайлар мен театрларға тегін кіре алады. Бұл туралы мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Ысқақов мәлімдеді, деп жазады sputnik.kz.
Мәдениет және ақпарат министрлігі балалардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастыру бойынша ауқымды іс-шаралар кешенін әзірледі.
"Жазғы уақытта еліміздің барлық мектеп оқушыларына музейлер мен театрларға, өзге де мәдени мекемелерге тегін кіруге мүмкіндік жасалып отыр. Бұл әрбір балаға мәдени мұрамен етене танысып, рухани байи түсуге жол ашатын игі бастама", - деді Ысқақов үкіметтің бүгінгі отырысында.
Ал премьер-министр Олжас Бектенов туризм және спорт министрлігіне балалардың тарихи-мәдени мұра объектілеріне, сондай-ақ, белгілі туристік аймақтарға баруы үшін әкімдіктердің өңіраралық өзара іс-қимылын үйлестіруді тапсырды.
"Батыс өңіріндегі балаларға еліміздің шығыс аймақтарын көріп-білу қызықты болмақ. Ал оңтүстік облыстардағы оқушылардың солтүстік аймақтарға және керісінше саяхаттап баруын ұйымдастыру қажет. Балалар еліміздің көрікті жерлері мен бай мәдени мұрасын танып-білуге тиіс", - деді Бектенов.
Айта кетері, биыл оқу жылын 3,9 млн оқушы аяқтайды. Олардың ішінде бастауыш сыныпты – 391 мың, 9 сыныпты – 364 мың бала, ал 11 сыныпты 217 мың жасөспірім тәмамдайды.