1 маусымда еліміздің оқушылары Халықаралық балаларды қорғау күнімен қатар соңғы қоңырау мерекесін атап өтеді.
ERNUR.KZ. 1 маусымда еліміздің оқушылары Халықаралық балаларды қорғау күнімен қатар соңғы қоңырау мерекесін атап өтеді. Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту министрлігі Орта білім комитетінің төрағасы Гүлмира Кәрімова айтты, деп жазады ҚазАқпарат.
«Қазақстанда оқу жылының ұзақтығы 36 апта. Дәстүр бойынша оқу жылы 1 қыркүйекте басталып, биылдан бастап 31 мамырда аяқталады», - деді Г. Кәрімова министрліктің телеграм каналында жарияланған түсініктемесінде.
Оның айтуынша, 31 мамыр – оқу жылының соңғы күні. Бұл күні еліміздің мектептерінде оқушылардың жас ерекшеліктерін ескере отырып, Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне арналған сыныптан тыс сағаттар өткізіледі. 1 маусымда еліміздің оқушылары Халықаралық балаларды қорғау күнімен қатар соңғы қоңырау мерекесін атап өтеді.
Бұдан бұрын хабарланғандай, кешегі Мәжілістің жалпы отырысында депутат Аманжол Әлтай мектептердегі соңғы қоңырау күнін 30 мамырға немесе 1 маусымға ауыстыруды сұрады.
«Елімізде 31 мамыр ашаршылық және саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні болып белгіленді. Бұл күні алаш арыстарының рухына жасап жүрген құрметіміз олардың ескерткіштері мен мемориалдық орындарға гүл шоғын қоюдан аспай тұр. ҚР Оқу-ағарту министрінің 2022 жылғы 12 тамыздағы № 363 бұйрығына сәйкес, орта білім беретін мектептердегі соңғы қоңырау 31 мамыр болып бекітіліп отыр. Алаш арыстарының аманатын ұрпақ санасына сіңіруге тиіс министрліктің 31 мамыр күнінің маңызына мән бермегені қандай өкінішті?! Арыстарымыздың рухына бір күнді де толық қимай, апыл-ғұпыл аза тұтқансып, іле-шала той тойлап, думандатып кете беретін болсақ, елдігіміз қайсы?! Сондықтан мектептердегі соңғы қоңырау күнін 30 мамырға, не болмаса 1 маусымға ауыстыру керек. Бұл – ешқандай талқылауды қажет етпейтін әділетті талап», - деді А. Әлтай Үкімет басшысының орынбасары Алтай Көлгіновтың атына жолдаған сауалында.