Оқушыларға смартфонды тек сабақта ғана емес, үзілісте де қолдануға тыйым салынуы мүмкін

0
82

Түзету "Педагог мәртебесі және білім беру мәселелері бойынша ҚР кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы аясында ұсынылған.


Оқушыларға смартфонды тек сабақта ғана емес, үзілісте де қолдануға тыйым салынуы мүмкін

Школьник, школьники, ученик, ученики, ученики средних классов, школа, школы, сурет - Zakon.kz жаңалық 16.02.2026 16:46Фото: Zakon.kz

ERNUR.KZ. Оқушылардың смартфон пайдалануына шектеу 2024 жылы енгізілген болатын. Алайда бұл шара күткен нәтижені толық бермеді, өйткені ол "жартылай" сипатта болды. Енді тыйымды барынша қатаң әрі барлық мектепке ортақ етіп бекіту ұсынылып отыр. Тиісті түзетулер Мәжіліс қарауына енгізілді, деп жазады zakon.kz.

Заң жобасына қоса берілген салыстырмалы кестеде өзгеріс авторларының негізгі уәжі былай көрсетілген:

"Ұялы байланыс абоненттік құрылғыларын пайдалануға тыйымды тек оқу уақытында ғана емес, үзіліс кезінде де қолдану кибербуллинг пен деструктивті контент тәуекелдерін азайтуға, мектептердегі тәртіп пен қауіпсіздікті нығайтуға, оқушылардың тікелей қарым-қатынасы мен әлеуметтену деңгейін арттыруға, сондай-ақ салауатты білім беру ортасын қалыптастыруға мүмкіндік береді".

Қазір қандай норма қолданыста?

Түзету "Педагог мәртебесі және білім беру мәселелері бойынша ҚР кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы аясында ұсынылған. Онда Қазақстан Республикасының "Білім туралы" заңы 47-бабы қозғалып отыр. Бұл бап білім алушылардың құқықтары, міндеттері және жауапкершілігіне арналған.

47-баптың 10-тармағында: "Білім алушыларды оқу процесінен алаңдатуға жол берілмейді" деп көрсетілген.

Алайда смартфондардың жаппай таралуына байланысты заңнамаға 2024 жылғы 27 сәуірден бастап 10-1-тармақ енгізілді:

"Орта білім беру ұйымдарында оқу процесі кезінде білім алушылардың ұялы байланыс абоненттік құрылғыларын пайдалануына жол берілмейді, қысқа мерзімді оқу жоспарларында оқу мақсатында көзделген жағдайларды қоспағанда".

Идея дұрыс болғанымен, тәжірибеде "ерекше жағдай" негізгі ережеге айналып кетті. Себебі қысқа мерзімді оқу жоспарларын мектептердің өзі бекітеді. Соның нәтижесінде әр мектеп смартфон пайдалану тәртібін өзінше белгілей бастады.

Кей мектептерде әкімшілік сабақ кезінде телефондарды жинап алып, үзілісте ғана қолдануға рұқсат берді. Ал көптеген мектептерде ата-аналардың балаларымен тұрақты байланыста болу талабына байланысты смартфондар оқушылардың қолында қала берді. Сабақ кезінде тек пайдалануға тыйым салынғанымен, бұл талапты бақылау әрдайым тиімді бола бермеді.

Енді не өзгереді?

Ұсынылып отырған жаңа редакцияда:

"Орта білім беру ұйымдарында оқу процесі кезінде білім алушылардың ұялы байланыс абоненттік құрылғыларын пайдалануына жол берілмейді, білім беру саласындағы уәкілетті орган бекіткен ұялы байланыс абоненттік құрылғыларын пайдалану қағидаларында көзделген жағдайларды қоспағанда"

Яғни бұдан былай смартфон қолдану тәртібін әр мектеп жеке өзі емес, Оқу-ағарту министрлігі бекітетін бірыңғай үлгілік қағидалар арқылы реттейді.

Қағидаларда нақты қандай талаптар болатыны әзірге белгісіз, өйткені заң әлі қабылданбаған. Дегенмен заң жобасындағы түсіндірмеге қарағанда, талаптар қатаңдатылуы мүмкін. Мәселен, мектеп аумағына кіргеннен бастап шыққанға дейін смартфон пайдалануға толық тыйым салынуы ықтимал.

Маңыздысы – бұл шектеу барлық мектепке бірдей қолданылмақ.

Қазір мектеп әкімшілігі сабақ кезінде смартфон қолдануға тыйым салса, ал оқушы оны бұзса, бұл Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексі 409-бабына ("Білім беру, дене шынықтыру және спорт саласындағы заңнаманы бұзу") сәйкес қаралады.

Бұл жағдайда ата-аналарға ескерту немесе 5 АЕК (21 625 теңге, 1 АЕК – 4 325 теңге) мөлшерінде айыппұл салынуы мүмкін. Бір жыл ішінде қайталанса – 20 АЕК айыппұл қарастырылған.

Ал мектеп әкімшілігі мен педагогтердің жауапкершілігі нақты көрсетілмеген.

Егер ұсынылған түзетулер қабылданса, жауапкершілік мектептердің өзіне де жүктеледі. 409-баптың 4-бөлігіне сәйкес, білім беру ұйымдары үлгілік қағидаларды сақтамаса, айыппұл салынады:

  • лауазымды тұлғаларға – 10 АЕК;
  • шағын бизнес немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 15 АЕК;
  • орта бизнеске – 20 АЕК;
  • ірі бизнеске – 25 АЕК және лицензияның қолданылуын тоқтата тұру жазасы қарастырылған.

Осылайша, егер өзгерістер қабылданса, жақын уақытта мектеп сыныптарында смартфондар көзден мүлде таса болуы мүмкін.