Автобус жүргізушісі көпір үстінде көз жұмды.
Фото: Видеодан скрин
ERNUR.KZ. Павлодарда көпір үстінде автобус жүргізушісі жұмбақ жағдайда қайтыс болды. Ер адам рульде отырғанында кенеттен жағдайы нашарлап кеткен, десе де ол автобусты тоқтатып үлгерген, деп жазады azattyq-ruhy.kz.
Оқиға орнынан түсірілген видео әлеуметтік желіде жарияланды. Кадрда маршруттық автобус пен полиция көліктері, сондай-ақ жерде жатқан адамның денесі көрінеді.
Павлодар облыстық полиция департаментінің мәліметінше, жүргізушінің кенеттен жағдайы нашарлаған. Оқиға орнына жедел жәрдем қызметі келген.
«Шақыру 21 қыркүйек күні сағат 14:52-де түсті. Оқиға орнында дәрігерлер 1958 жылы туған ер адамның қайтыс болғанын анықтады. Қайғылы жағдайдың нақты себебі белгісіз», – деп хабарлады Павлодар облыстық жедел медициналық жәрдем стансасы.
Әлеуметтік желі қолданушылары марқұм жүргізушінің соңына дейін шыдап, автобусты тоқтатып үлгергенін атап өтті.