Елші халықаралық шараны Вашингтонның пиғылы мен шынайы мақсатын көрсеткен циркке теңеді.
ERNUR.KZ. Қазақстандағы Қытай елінің елшісі жақында ғана "Батыл әйел" халықаралық сыйлығын алған Сайрагүл Сауытбайға қатысты пікірін білдірді, деп жазады Stan.kz.
Чжан Сяодің пікірінше, АҚШ-тың Сайрагүл Сауытбайды марапаттауын барып тұрған арандатушылық. Ол халықаралық шараны Вашингтонның пиғылы мен шынайы мақсатын көрсеткен циркке теңеді.
"Вашингтон соңғы жылдары Шыңжаң-Ұйғыр автономды ауданындағы терроризм және экстремизмге қарсы күресте қол жеткізген зор жетістіктерімізді елемей, Қытайға жала жауып, түрлі қауесет таратып, ШҰАА мәселесін көтеріп келеді. Ондағы мақсат – өңірді, соның ішінде ШҰАА-ны этникаралық, ұлтаралық қантөгіс аймағына айналдыру, бір-бірімен араздастыру, ақырында Қытайдың түбіне жету", - деп жазды елші Facebook-тегі парақшасында.
Бірақ, ол АҚШ-тың әрекеті сәтсіздікке ұшырап жатыр дейді. ШҰАА қауіпсіз, тұрақты, көркейген аймаққа айналған, барлық ұлт өкілдері бейбіт ғұмыр кешіп келеді. Кәсіби оқу орталықтарын бітіргендер жұмысқа орналасып, ақша тауып жүр, яғни қоғамға қауіп төндіріп тұрған жоқ.
Чжан Сяо қайта тәрбиелеу орталықтары Қытайдың экстремизммен күресу үшін ойлап тапқан сәтті жобасы екенін тәжірибе көрсеткенін атап өтті.
Ол АҚШ осы марапат арқылы өзінің идеологиялық вирустың ең үлкен көзі екенін тағы бір мәрте көрсетті деп санайды.
"Қазақстанда да, Қытайда да қылмыскер деп танылған "батыр әйелге" қатысты, бұл жерде қандай батылдық туралы айтуға болады? Оның батылдығы – өз Отанын сату, өзі мен отбасын асырап баққан елді қаралау. Егер онда қандай да бір батылдық болса, ШҰАА-дағы кредиттік қарызын неге өтемейді? Ол өзінің геосаяси цирктегі рөлін лайықты бағалай алмайтыны өкінішті", - деді Қытай елшісі.
Еске сала кетейік, биылғы жылдың 4 наурызында АҚШ мемлекеттік департаменті халықаралық батыл әйелдер сыйлығын Сайрагүл Сауытбайға тапсырды.