Анасыз қалған бес баланың үлкені 10 жаста.
ERNUR.KZ. Орал қаласының тұрғыны егіз баланы дүниеге әкелген соң қайтыс болып кетті. Бүгінде бес бала анасыз қалды, деп жазады Azattyq Rýhy.
30 сәуір күні қалалық көпсалалы аурухананың перзентхана бөлімінде босанған 35 жастағы әйел көз жұмды. Бір күн бұрын әйел егіз баласын дүниеге әкелген соң жағдайы нашарлап кеткен. Бүгінде балалар ауруханадан анасыз шығарылды.
Белгілі болғандай, әйелдің жаңа туған егізінен бөлек, тағы үш баласы бар. Олардың ең үлкені небәрі 10 жаста.
Денсаулық сақтау басқармасы ақпараттың қызметтік тексеруден кейін берілетінін айтып, ресми сауал жолдауды сұрады.
Еске салайық, бұл – соңғы аптада Оралдағы екінші ана өлімі. 29 сәуірде 10 күн бойы комада жатқан Таңшолпан Мұқанова қайтыс болды. Әйелдің туыстары дәрігерлерді немқұрайлы қарады деп айыптаған соң, Денсаулық сақтау министрлігі бұл іске жан-жақты талдау жасауға уәде берді.
Ал облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, өңірде 2020 жылы ана өлімінің үш жағдайы, 2021 жылы 10 жағдай тіркелген, оның бірі облыстық перинаталдық орталықта болған. 2019 жылы облыста ана өлімі тіркелмеген. Қалалық көпсалалы ауруханада соңғы үш жылда (2019, 2020, 2021 – автор) облыс бойынша бір ғана жүкті әйел өлімі (2021 жылы) тіркелген.
Соңғы екі жылда БҚО-да босанған соң 1-2 айдың ішінде 12 әйел қайтыс болды, оның біреуі 2021 жылы облыстық перинаталдық орталықта болған.
Бірақ соңғы үш жылда облыста сәби өлімінің 331 (!) оқиғасы (0 бен 1 жас аралығындағы балалар) тіркелген.
БҚО-дағы нәрестелер өлімінің статистикасы:
2019 жылы – 86;
2020 жылы – 129;
2021 жылы – 107.
2022 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша – 9.
БҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Гүлнар Әбдірахманова ана өлімінің негізгі себебі экстрагениталды аурулар, ал нәресте өлімінің себебі перинаталдық кезең жағдайлары, туа біткен ақаулар екенін атап өтті.