Нәрестенің жағдайы интоксикация, гипотермия және гипогликемия белгілеріне байланысты орташа ауыр.
ERNUR.KZ. Оралда қоқыс жәшігінен табылған шақалақтың анасы анықталды, деп жазады ҚазАқпарат.
БҚО полиция департаментінің ресми өкілі Болатбек Нұрғожиннің мәлім еткеніндей, күдіктіге қатысты ешқайда кетпеу туралы қолхат түріндегі бұлтартпау шарасы қабылданды.
«Қазіргі кезде ҚР ҚК 119-бабы 1-бөлігіне (қауiптi жағдайда қалдыру) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Бұл бап бойынша айыпты деп танылған адам 100 айлық есептiк көрсеткiшке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмысына не 120 сағатқа дейiнгі мерзiмге қоғамдық жұмысқа не 45 тәулікке дейін қамаққа алуға жазаланады», - деді Б.Нұрғожин.
БҚО денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің нақтылауынша, нәрестенің жағдайы интоксикация, гипотермия және гипогликемия белгілеріне байланысты орташа ауыр.
15 мл сүтті өздігінен ішеді.
Бүгінгі салмағы - 2990 грамм, бойы 52 см. КТ бойынша мидың гипоксия белгілері (оттегі жетіспеуі), ЭхоКГ бойынша жүректің сопақша терезесі 0,2 см ашық.
Ішкі ағзалардың ультрадыбыстық зерттеуі бойынша бауыр паренхимасында орташа өзгерістер анықталған.
«Сәби кеше ауруханаға түскенге дейін 7-8 сағат бұрын дүниеге келген деп санаймыз», - дейді дәрігерлер.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда қоқыс жәшігінен жаңа туған шақалақтың табылғанын жазған болатынбыз.