Алаяқ әйел әрбір адамнан 150 мың теңге алған.
ERNUR.KZ. Оралда алаяқ әйел жетпіс адамды алдап кетті. Олар жұқпалы аурулар ауруханасына жұмысқа тұрамыз деп ақша берген. Кейбірі қаражатты кредитке алыпты, деп хабарлайды Astana телеарнасы.
Алаяқ әйел әрбір адамнан 150 мың теңге алған. Алданғандар арасында қала тұрғыны Рая Исмағұлова да бар. Ол жұқпалы аурулар ауруханасына кіру үшін кредит рәсімдеді. Бірақ алаяққа алданғанын кеш түсінді.
"Қарыз алып, кредит рәсімдеп, осы жұмысқа кіремін деп ойладым. Өз басым, қайтарамын деп процентке ақша алдым. Бізге 16-сы күні жұмыс болады деді. Енді ақша да жоқ. Өзіне хабарлассақ, "менде ақша жоқ" дейді. Қаражатты жоғарыдағыларға бердім. Сендерге қайдан табам деп қояды", - дейді Исмағұлова.
Батыс Қазақстан облыстық жұқпалы аурулар аураханасы да алаяқтың үстінен шағым түсірді.
"Оның жәбірленушілерге жіберген жазбасы мен аудионы тыңдадық. Күдікті біздің қызметкердің атын жамылып сөйлескен. Осыған байланысты полицияға арыз жаздық. Өйткені істің басын ашып алғымыз келді. Кейін полиция департаменті ешкімге шығын келмегенін, ақшаның қайтарылғанын хабарлады. Сұрастырған кезде кейбір адамның жұмысқа кіруге 400 мың теңге төлегенін де естідік", - деді аурухана басшысы Надия Ахметова.