Олар 6 сағат бойы есікті ашпай, көңілді кеш өткізген.
ERNUR.KZ. Өскеменде тексерушілер той өткізіп жатқан мейрамхананы анықтаған. Алайда олар бір қонақтың жағдайы нашарлап, жедел жәрдем келгенше ішке кіре алмапты. Осы сәтте даяшылар дастарханды жинап үлгерген. 30 шақты адам есіктен шығып, басқалары терезеден секіріп кеткен, деп жазады kaz.nur.kz.
YK-news.kz басылымының жазуынша, 20 қыркүйекте Өскемендегі мейрамханалардың бірінде салтанатты іс-шара атап өтілген. Оқиға орнына санитарлық дәрігерлер, әкімдік қызметкерлері, полицейлер келген. Алайда оларды ғимаратқа кіргізбепті. Тіпті 6 сағат бойы сыртқа ешкім шықпаған.
Осынша уақыт бойы тексерушілер сыртта күтіп, мерекелік кештің дауысын естіп тұрған. Келушілердің бірінің денсаулығы нашарлап, жедел жәрдем шақырылған соң ғана есік ашылған. Осыдан кейін ғимараттан шамамен 30 адам шығып кеткен. Ал іште дастархан жиналып, жарықты сөндіріп тастаған. Дегенмен терезеден секіріп, қашып бара жатқан кейбір қонақтар тексерушілердің назарына іліккен.
Айта кетейік, елімізде карантинге байланысты той тойлауға рұқсат берілмесе де, қазақстандықтар көпшіліктің басын қосып, жиын өткізулерін қояр емес. Тіпті олардың қатарында лауазымды шешеуніктер де бар.
Мәселен, Маңғыстау облысы экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы Марина Әлібекова көпшілікпен бірге туған күнін атап өткені хабарланған еді. Кейінірек, Маңғыстау облысы әкімдігінің қызметкері - энергетика басқармасының бас маманы Жанболат Жақыповтың да тойда жүрген видеосы тарап кетті.