Бекболат Тілеуханов депутаттармен бірлесе балаларға екпе салу мәселесін талқылады.
ERNUR.KZ. Қоғам қайраткері, парламент мәжілісінің депутаты Бекболат Тілеухан балаларға міндетті екпе салуға қарсы шықты. Ол мұның адам құқығына қол салу екенін айтты, деп жазады Stan.kz.
Бекболат Тілеуханов депутаттармен бірлесе балаларға екпе салу мәселесін талқылады. Бүгінде ел азаматтарының бір тобы балаларына екпе салдырмайтыны айтылып жүр. Олар екпенің кері әсері барын айтады. Бекболат Тілеухан бұл мәселені жөн деп санайды.
"Қанша бала мүгедек болып қалып жатыр. Қанша балаға екпенің кері әсер еткені кезі бар. Оның бәрін халыққа көрсетер болсақ, сіздер көрсеткен мәлімет пен суреттер ойнамай қалады. 500 мыңның екеуінің ғана жағдайы нашар дейсіздер. Ол екі адамның өз өмірі бар. Сіздерге ештеңе емес шығар, бірақ олардың да ата-анасы бар уайымдайтын. Ертең министрді, үлкен кісілерді, туысымды ортаға салып, мені райымнан қайтаруға тырыспаңыздар. Кім шықса ол шықсын мен осы мәселені соңына жеткізбей қоймаймын", - деді Тілеухан.
Бекболат Тлеуханның мәселесін үш депутат қолдады. Өзгелері міндетті екпе салудың артықшылықтарын айтып бақты. Алайда Бекболат мырза мұның адамның жеке басына қол сұғушылық дейді.
"Адамға өз ата-анасынан сіздер жақын емессіздер. Ол әке баласына жамандық ойлағаннан екпе салдырмай тұр ма? Мен не үшін біреудің мүгедек болып қалғанын көре тұра балама екпе салдыруым керек? Мен екпе салуға емес, екпені салуға міндеттеуге қарсымын. Қалаған адам салғызсын, қаламағанын мжбүрлемеу керек. Мұнда миллиардтаған ақша жатыр. Соны шығару үшін мәжбүрлемек. Мұны әркімнің ішіндегі сұмырайы сезіп отыр ғой. Өтірік саясат ойнағаннан шаршадым", - деді Бекболат Тілеухан.
Елімізде міндетті екпе салдыру мәселесіне қатысты нақты шешім шыққан жоқ. Мәселе әлі де талқылану үстінде.