Өзбекстан тұрғыны 15 жыл көрмеген баласын Қазақстаннан іздеп тапты

0
857

15 жыл ішінде қазақ қызын жолықтырып, шаңырақ көтерген Икрам қазір екі ұлдың әкесі.


Өзбекстан тұрғыны 15 жыл көрмеген баласын Қазақстаннан іздеп тапты

ERNUR.KZ. Гүлзира Абдуллаева айдың-күннің аманында ұлынан көз жазып қалған. Өзбекстанның 55 жастағы тұрғыны 15 жылдан бері күнкөріс қамымен үйінен Қазақстанға кеткен ұлын іздейді, деп жазады Stan.kz.

"2005 жылы жұмыс істеймін деп Қазақстанға кетті. Кейін еш хабарасыз жоғалды", - деп жылаған төрт баланың анасы тұңғышы Раджапов Икрамды іздеп жүргенін айтады.

"Үйден шығып кеткен соң еш дерек болмады. Біз сонша күттік. Кейін інілері артынан іздеп Қазақстанға келді. Бірақ таба алмады. Бұл жақтағы адамдар Икрам емес Акрам деген кісінің болғанын, бірақ ол қайтыс болған деп естіп келді. Ұлымды осы жақта Акрам деп атам кеткен шығар деп ойладым", - деген ана ұлының тірі екенінен күдерін үзген.

"Астарлы ақиқат" бағдарламасы ұжымы зар илеген ананың қуанышына орай баласын іздеп тауып, жолықтырды.

Икрамның айтуынша, жұмыс істеп жүріп барлық құжаттарын жоғалтып алған.

"Қазақстанға колледжге түскен кезде келдім. Ол кезде мен 17 жаста едім. Әкеме үйдің үлкен баласы ретінде үйге көмектесейін, тер төгіп жұмыс істейін, үйге ақша тауып келейін, көмегім болсын деп айттым", - деп үйден жыраққа күнкөріс үшін кеткенін айтады.

"Алматыда кірпіш зауытта жұмыс істедім. Бір ғана зауытта емес, кез-келген зауытта істеп жүрдік. Құжаттарымды зауыттан зауытқа көшіп жүргенде жоғалттым. Көзім көрмеген соң, қасымдағылардан күдіктене алмаймын (құжаттарын алғанын-ред.)", - дейді Икрам.

"Әкем жиі түсіме кіреді, ақ киіммен келеді. Қолын созады, мен де созамын. Бірақ жете алмаймын. Ұстай алмаймын. Сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Шақырады өзіне, ары қарай шошып оянып кетемін", - деген ол әкесі жұмысқа әрең жібергенін еске алды.

Қазақстанда түрлі жұмыс істеген Икрам Алматыдағы фазендада мал бағып жүріп, өзбек жігітті жолықтырып, ауылға барсаң, менің үйіме барып хабарын білші деп өтініш жасаған. Екі айдан кейін қайта оралған досы үй іші іздеп жатқанын, отбасы сол бұрынғы орнында екен айтқан.

15 жыл ішінде бір де бір құқық қорғау орындарына, Сыртқы істер министрлігіне көмек сұрап бармаған ол елден қуып жібере ме деп қорыққан. Оның үстіне бір-екі рет ұсталып, қамап қойған кездері де болған екен.

15 жыл ішінде қазақ қызын жолықтырып, шаңырақ көтерген Икрам қазір екі ұлдың әкесі. Енді заңды түрде құжаттарын рәсімдесе, анасын қолына алып, Қазақстанда қалғысы келетінін айтады.