Өзбекстанда 20 қазақстандық жазасын өтеп жатыр – Бас прокуратура

0
635

Қазақстанда сотталған 225 Өзбекстан азаматы өз елінде жазасын өтеу туралы ниет білдірген.


Өзбекстанда 20 қазақстандық жазасын өтеп жатыр – Бас прокуратура

ERNUR.KZ. Ал өзбек елінде 20 қазақстандық жазасын өтеп жатыр. Бұл туралы Мәжіліс отырысында Бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиев айтты, деп жазады stan.kz.

Мәжілісте "Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы бас бостандығынан айыруға сотталған адамдарды жазасын одан әрі өтеу үшін беру туралы шартты ратификациялау туралы" заңның жобасы қабылданды. Бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиев заң жобасын таныстырды.

“Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы сотталған адамдарды беру жөніндегі шарт еліміздің Конституциясы бекіткен талаптарды жүзеге асыруға бағытталған. Конституция халықаралық шарттарды өзгеше белгіленбесе, ел азаматын шет мемлекетке беру болмайды деп көрсеткен. Сонымен қатар елімізден тыс жерлерде жүрген азаматтарды қорғауға және оларға қамқорлық жасауға кепілдік беріледі делінген”, – деді Әсет Шындалиев.

Прокуратура өкілінің сөзінше, екі ел арасындағы келісімшарт Конституция нормаларын жүзеге асыруға арналған. Бұл Өзбекстан конституциясында да бар.

“Бұл келісім – Қазақстан мен Өзбекстанның бір-біріне деген сенім белгісі. Құжатқа қол қою үшін бірнеше жыл келіссөздер жүргізілді. Шартты жасамас бұрын екі ел арасындағы миграция процесі мен қылмыстық ахуал зерттелді. Әрине, шарт алдымен "адам құқықтарына қорғауға не береді?" деген мәселе туындайды”, - деді Бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиев.

Оның айтуынша, мұндай шарттардың әлеуметтік мәні зор. Ең алдымен олар гуманитарлық сипатқа ие.

“Көп жағдайда басқа елдерде жазасын өтеп жатқандар жергілікті халықтың тілін, салтын білмейді. Ортасы бөлек болған соң адамдармен қарым-қатынас қиындайды. Туған жерінен, туыстарынан алшақ болған соң ондай адамдарды қоғамға қайта бейімдеу оңай болмайтыны белгілі. Отбасынан қол үзбей, жақындарымен кездесіп тұрса, сотталған адамға оң әсер ететіні сөзсіз. Сотталғандарды түзеудің мақсаты тек қана оларды жазалау емес, сонымен бірге тәрбиелік ықпал ету, әлеуметтік байланыстарды сақтау”, - деді Әсет Шындалиев.

Бас прокуратура өкілі шарттың ережелеріне тоқталды.

“Сотталған адамдарды беру үшін оның келісімі қажет. Ол адам жазасын өз елінде өтеу туралы ниет білдіріп, өтініш беруі тиіс. Яғни сотталғандар еркінен тыс еліне берілмейді. Қазірдің өзінде сотталған 225 Өзбекстан азаматы өз елінде жазасын өтеу туралы ниетін білдіріп отыр. Ол үшін біздер арнайы сотталғандардың арасында оларға сұрақ жүргізгенбіз. Олардың арасында сотталған біздің 20 азамат бар. Оларда елге оралуға қарсы болмайды деп ойлаймыз”, - деді Әсет Шындалиев Мәжіліс отырысында.