Өзбек ағайындар Ташкенттегі жаңа жерүсті метросын сынақтан өткізді.
фото: ашықдереккөзден
Біздің құзырлы органдар "Астана LRT" қаржысын жымқырған басшыны іздеп әлек болып жатқанда, өзбек ағайындар Ташкенттегі жаңа жерүсті метросын сынақтан өткізді, деп хабарлайды ERNUR.KZ Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.
Еуразия арнасы екі елдің шамасын, метросының бағасын, сапасын салыстырып көрген.
Ұзындығы 52 шақырымдық жерүсті жолы Өзбекстан астанасындағы халық тығыз қоныстанған 8 ауданның аумағынан өтеді. Жалпы құны - 422,3 млн доллар. Біздегіден бақандай 4 есе арзан. Әр шақырымына 84 млн доллар емес, небәрі 8 млн кетуде.
Ашық ақпарат көздеріндегі мәлеметтерге жүгінсек, «Метроны салуға «Өзбекстан теміржолдары» компаниясы атсалысып жатыр екен. Мұндайда, «Қазақстан темір жолы» ірі жобадан неге тыс қалып отыр деген заңды сауал туындайды.
"Қазақстан темір жолының" сыртқы қарыздары баршылық. Яғни, ірі жобаны қаржыландыруға мүмкіндігі жоқ. Басқа да ірі қызмет жасап жатқан компаниялар ЛРТ-ға ақша салуға құлықсыздау. Өйткені, мұның қайтарымы ұзақ мерзімді талап етеді" - дейді экономист Бауыржан Ысқақов.
Сарапшының ұзақ мерзім деп отырғаны 60 жылдың ар жақ, бер жағы. Экономист жерүсті рельсті көлік құрылысының алғашқы кезеңін елорданың сол жағалауынан бастаудың өзі әбестік дейді.
"Халықтың басым бөлігі тұратын, студенттер тұратын, мемлекеттік қызметкерлер, яғни әлеуметтік сала қызметкерлері тұратын автобустармен жүретін адамдарды осы кісілердің жолдарымен лайықтаған кезде бұның қайтарымдылығы да көп болушы еді" - дейді Бауыржан Ысқақов.
Айтпақшы, құрылысқа тартылған 3 мың адамның мыңға жуығы ғана қазақстандық екен. Сонда бізде маман тапшы ма? Әлде азаматтарымыз кірпіш қалап, сылақ сылауға құлықсыз ба?
Маман демекші, өзбектер тапшы мамандарды біз секілді шетелден аттай қалап алдырып жатқан жоқ. Метро салуға әбден машықтанған мемлекеттерде 50 адамның білімін жетілдіріп, біліктілігін шыңдаған. Нәтижесі...
Ал бізде ше? Ала жаздай тұралап қалған метро құрылысының алаңына бардық. Сөйтсек, сең әлі қозғалмапты... Қыбырлап жүрген құрылысшыны көзіміз шалмады. Жыр болған жеңіл рельсті жолдың әзірге бетондары ғана қалқайып тұр.