Павлодар облысында бір отбасы мүшелеріне иіс тиді

0
456

Бес адамның үшеуі - ересек, екеуі - бала.


Павлодар облысында бір отбасы мүшелеріне иіс тиді

ERNUR.KZ. Уланудың негізгі себебі - жылыту пешін пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі қағидаларын сақтамау, деп жазады pavlodarnews.kz.

Облыстық ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, 2022 жылғы 14 қарашада Ақсу қаласының Евгеньевка ауылында Парковая көшесі, 3/2 мекенжайында бес адамнан тұратын отбасы кешке пеш жағып, ұйықтап қалған. Ал келесі күні таңертең отбасы мүшелерінің жағдайы нашарлаған соң 103 пультіне хабарласып, медициналық жедел жәрдемнің көмегіне жүгінген.

"Олардың барлығы Ақсу қалалық ауруханасына жеткізілді. Медицина қызметкерлерінің қарауынан кейін олардың улы газбен уланғандары анықталды. Бес адамның үшеуі - ересек, екеуі - бала. Ересектерді ауруханаға жатқызудың қажеті болмады, ал 13 жастағы қыз және 11 жастағы ер бала Ақсу қалалық ауруханасының балалар бөлімшесіне жатқызылды", - дейді департаментте.
Павлодар облысы ТЖД өрт қауіпсіздігі және авариялық құтқару жұмыстары қызметі №12 өрт сөндіру бөлімшесінің берілген ақпаратына сәйкес, «Тұрғын үйлердегі өрт қауіпсіздігі» тақырыбында аулаларды аралап, профилактикалық жұмыстар тұрақты түрде жүргізіледі. Бірақ соған қарамастан, тұрғындар жарақат алуға, адамдардың өліміне (көміртегі тотығымен улану, әртүрлі дәрежедегі термиялық күйіктер) әкеп соқтыратын өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзудың осындай фактілеріне жол береді.