Павлодар облысында дауылдан 49 тұрғын үй бүлінді

0
116

Аймақта 19 шілде күні жылдамдығы секундына 20 метрге дейін жететін қатты дауыл соғып, артынша бұршақ жауған.


Павлодар облысында дауылдан 49 тұрғын үй бүлінді

Фото: Валерий Бугаев

ERNUR.KZ. Соның салдарынан Павлодар облысының бірқатар елді мекенінде тұрғын үйлерге, әлеуметтік нысандарға және электр желісі шаруашылығы нысандарына зақым келді, деп жазады inbusiness.kz.

Павлодар облысы әкімдігінің мәліметінше, Ақсу қаласына қарасты "Қалқаман" кенті мен Екібастұз қаласының Құдайкөл ауылы ең көп зардап шеккен. Мұнда 2 көпқабатты тұрғын үй мен 47 жеке тұрғын үйдің шатырлары ішінара ұшып кеткен.

Сонымен қатар "Қалқаман" кентінде 2 мектеп пен мәдени-демалыс орталығының қасбеті мен терезелері бүлініп, көпқабатты тұрғын үйлердің біріндегі бірнеше пәтердің ішкі қабырғалары құлаған.

– Қолайсыз ауа райының салдарынан Ақсу және Екібастұз қалаларына қарасты 11 елді мекенде электр энергиясы апатты жағдайда өшірілді. Еуразиялық энергетикалық корпорациясының Қалқаман-Құдайкөл учаскесіндегі кернеуі 220 кВ электр жеткізу желісінің 8 бағанасы зақымданды. Қазіргі уақытта энергетика қызметтерінің күшімен қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. 8 ауылдық елді мекенде электрмен жабдықтау желілері толық қалпына келтірілді, ал 3 елді мекенде қалпына келтіру жұмыстары жалғасып жатыр, – делінген әкімдік хабарламасында.

Келтірілген зардап көлемін бағалау үшін оқиға орнына Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов барды. Өңір басшысы зақымданған нысандарды аралап, тұрғындармен кездесті және салалық басқармалар, жергілікті атқарушы органдар, азаматтық қорғау қызметтері мен коммуналдық кәсіпорындар басшыларының қатысуымен жедел жиналыс өткізді.

Облыс әкімі қысқа мерзім ішінде барлық зақымданған нысандарды тексеруді, электрмен жабдықтау жүйелерін толық қалпына келтіруді, шатырлар мен бүлінген басқа да құрылымдарды жөндеуді, сондай-ақ зардап шеккен үйлердің тұрғындарына қажетті көмек көрсетуді тапсырды.

Сонымен қатар әлеуметтік нысандарды мүмкіндігінше жедел қалпына келтіріп, олардың әрі қарай қалыпты жұмыс істеуін қамтамасыз ету жөнінде нақты тапсырма берілді. Қазіргі уақытта келтірілген шығын көлемін нақтылау бойынша комиссиялардың жұмысы жалғасып жатыр. Табиғи құбылыс салдарынан қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ.