Бұған дейін желіде өңір басшысының туысын патрульдік полиция қызметкерлері тоқтатып, оның жеңіл дәрежеде мас күйде болғаны туралы ақпарат тараған болатын.
Фото:gov.kz
ERNUR.KZ. Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов әпкесінің әкімшілік жауапкершілікке тартылуына қатысты ақпаратқа пікір білдірді, деп жазады tengrinews.kz.
Бұған дейін желіде өңір басшысының туысын патрульдік полиция қызметкерлері тоқтатып, оның жеңіл дәрежеде мас күйде болғаны туралы ақпарат тараған болатын. Кейін "Сот кабинетінде" әкімнің әпкесі расымен әкімшілік жауапкершілікке тартылғаны туралы деректер пайда болды.
Асайын Байханов Threads-те бұл жағдайды растады. Ол туысының құқық бұзғанын және заңда қарастырылған жазасын алғанын атап өтті.

Оқиғаның мән-жайы
"Сот кабинетінде" жарияланған қаулыға сәйкес, оқиға 4 қарашада сағат шамамен 23:05-те Екібастұзда болған. Патруль полицейлері Петренко көшесінде Hyundai Tucson көлігін тоқтатады. Материалдарға сәйкес, рөлде азаматша Б. болған. Ол наркодиспансерге жеткізіліп, медициналық тексеру нәтижесінде оның жеңіл дәрежеде алкогольдік масаң күйде болғаны анықталған.
Құжатта көлікті тоқтату сәтінің бейнежазбасы жоқ екені көрсетілген. Полиция инспекторының айтуынша, видеорегистратордың батареясы таусылған, ал бейнежетон техникалық себептермен жұмыс істемеген.
Сотта әйел өзінің кінәсін мойындамады. Ол көлік тұрақта тұрғанын, өзі тоңғандықтан жүргізуші орнына отырғанын, бірақ қозғалтқышты қоспағанын айтқан. Мас күйде болғанын жасырмаған. Оның сөзін жеке жүргізушісі де растаған.
Сот азаматша Б.-ны ӘҚБтК-нің 608-бабы 1-бөлігі ("Көлік құралын мас күйде басқару") бойынша кінәлі деп тауып, оған 15 тәулік әкімшілік қамау және 7 жыл мерзімге жүргізуші куәлігінен айыру жазасын тағайындады.
Сот қаулысы 10 қарашада шыққан.


