Павлодарда анасы терезеден лақтырып жіберген бала ауылға көшетін болды

0
131

Облыстық балалар ауруханасынан шыққан соң бала әкесімен бірге ауылда тұрып жатыр.


Павлодарда анасы терезеден лақтырып жіберген бала ауылға көшетін болды

Фото: Ru.freepik.com

ERNUR.KZ. Павлодарда анасы терезеден лақтырып жіберіп, аман қалған бала туысқандарының үйінде, Екібастұз ауданындағы ауылда тұрып жатыр, деп жазады stan.kz.

Өңірдің балалар құқықтары жөніндегі уәкілі Сәуле Шакенованың айтуынша, облыстық балалар ауруханасынан шыққан соң бала әкесімен бірге ауылда тұрып жатыр. Әңгіме барысында бала “20 жыл ауылда тұрамын” деп айтып қалған.

“Қалаға мүлде қайтқысы келмейді. Әкесі де ұлы үшін ауылға көшуге келісіп отыр. Мен бірден Екібастұз қаласы әкімінің орынбасары Иманғалиева Бибігүл Сағынтаевнаға хабарласып, жағдайды түсіндірдім. Бибігүл Сағынтаевна балаға медициналық көмек беру мәселесі, алдағы уақытта оңалту шаралары, жергілікті мектепке ауысуы, сондай-ақ әкесін жұмысқа орналастыруға жәрдем көрсету шаралары өз бақылауында болатынын айтты”, – деді Сәуле Шакенова.

Оның айтуынша, ауруханада бала клиникалық психологтың және дәрігер-психиатрдың бақылауында болған. Десе де баланың психологпен ұзақ уақыт жұмыс істеу керегін атап өтті.

“Әзірге балаға інісінің қаза болғаны айтылған жоқ. Әкесін де жанынан алысқа жібергісі келмейді, үнемі көз алдында болуы тиіс. Екібастұз өңірінің білім бөлімдері баланың тәжірибелі психологпен жұмыс істеуіне жағдай жасайды, – деп жазды өңірлік омбудсмен.

Оның сөзінше, бала туыстарының қамқорлығы мен ықыласының ортасында, біртіндеп сауығып келеді. Қазірдің өзінде өзі отырып, тұруға асығады. Бірақ жамбас сүйектерінің сынуына байланысты бір айға төсекте жатуға мәжбүр.