30 шілдеде Павлодарда жантүршігерлік жағдай болды – 34 жастар шамасындағы әйел екі баласын терезеден лақтырып, артынан өзі секіріп кеткен.
Фото: Видеодан скрин
ERNUR.KZ. Павлодарда екі баласын терезеден лақтырып жіберген әйелге қатысты қылмыстық іс материалдары Павлодар облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына түсті, деп жазады stan.kz.
Павлодар облыстық сотының мәліметінше, қылмыстық іс сотқа түсті, алғашқы отырыс 2025 жылдың 5 қарашасына белгіленді. Сот ісі мемлекеттік тілде жүргізіледі.
Сотқа баспасөз өкілдерінің қатысуына тыйым салынды, себебі қылмыстық іс жабық түрде қаралады.
Еске салсақ, 30 шілдеде Павлодарда жантүршігерлік жағдай болды – 34 жастар шамасындағы әйел екі баласын терезеден лақтырып, артынан өзі секіріп кеткен. Полиция департаменті зардап шеккендер подъездің қасбетіне құлағанын мәлімдеді. Алдын ала мәліметтер бойынша, әйел арнайы медициналық мекемеде тіркеуде тұрған.
Қайғылы оқиға болған күні кіші ұл баланың бір бүйрегі алынғаны белгілі болды. Операция кезінде оның жүрегі тоқтап қалған, алайда дәрігерлер баланы аман алып қалған. 1 тамыз кешке жарақат алған кіші ұлдың жүрегі тағы да тоқтады.
Кейін полиция оқиға бойынша қылмыстық іс қозғады.
Анасы терезеден лақтырып жібергеннен кейін жансақтау бөліміне клиникалық өлім жағдайында түскен бір жарым жастағы бала 1 тамыз күні кешке ауруханада қайтыс болды.
Аман қалған жеті жастағы бала қазір Екібастұз ауданындағы ауылда туысқандарының үйінде тұрып жатыр. Ол бір жыл бойы оңалтудан өтуге тиіс.
Қайғылы жағдайдан екі апта өткен соң үлкен баланың ауруханадан шыққаны хабарланды. Дәрігерлердің айтуынша, оған бір жылдық оңалту кезеңі қажет.
Тамыз айының соңында дәрігерлер балалардың анасын да ауруханадан шығарғанын мәлімдеді. Ал қазан айының ортасында қылмыстық істің тергеуі аяқталғаны белгілі болды.

 
                        

 
                         
                    









 
                     
                     
                     
                     
                    
