Оқиға осы жылдың басында болған.
Фотоколлаж: Azattyq ruhy/Әбілқасым Есентаев
ERNUR.KZ. Павлодарда 41 жастағы әйел азаматтық некедегі бұрынғы күйеуінің кесірінен бір аяғынан айырылды: көлікте ұрыс-керіс бастаған ер адам одан қашқан әйелді артынан қуып, машинамен басып кеткен, деп жазады azattyq-ruhy.kz.
Павлодардың аймақтық телеграмм-арнасы жазғандай, бұл жағдай 2025 жылдың 6 қаңтары күні таңертең ерте болған. 41 жастағы Виолеттаның екі қызы бар. Үлкен қызы 14 жаста болса, кіші баласы небары екі жасар бүлдіршін.
Оның жақындары хабарлағандай, оны басып кеткен ер адам осы кіші қызының әкесі. Сол күні ол Виолеттаға телефон шалып, жұмысқа апарып тастайын деген. Әйел қанша бас тартса да артынан қалмаған ол оны көлігіне салып алып, жұмысына әкелген. Жол-жөнекей араларында жанжал туындап, Виолетта көліктен түсіп қалғысы келген. БЬұрынғы күйеуі әйелді біраз уақыт көліктен түсірмей қойған. Дегенмен, оның уысынан сытылып шыққан Виолетта аялдамаға қарай қаша жөнеледі. Дәл сол сәтте бұрынғы күйеуі оны әдейі көлікпен басып, қатты жарақаттаған. Дәрігерлер Виолеттаның бір аяғын ампутациялауға мәжбүр болды. Қазір олар оның екінші аяғын аман алып қалу үшін күресіп жатыр.
Біз Павлодар облысының полиция департаментіне хабарласып, оқиғаға қатысты ресми комментарий сұрадық.
«Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру фактісі бойынша тергеу жүріп жатыр. Күдікті қамауда. Қылмыстық іс сотқа кетті», - деп хабарлады ПД.