Әлеуметтік желіде мас күйде болған ер адамның баласын жерге соғып өлтіріп алғаны туралы ақпарат тарады.
Фото: ІІМ
ERNUR.KZ. Күдікті уақытша қамау орталығына қамалды. Оған қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды, деп жазады inform.kz.
Әлеуметтік желіде мас күйде болған ер адамның баласын жерге соғып өлтіріп алғаны туралы ақпарат тарады. Қайғылы оқиға 20 қыркүйек күні Тереңкөл ауданы Осьмерыжск ауылында болған.
— 2025 жылғы 20 қыркүйек күні түнде Тереңкөл аудандық ауруханасының қабылдау бөліміне 3 жасар бала жеткізілді. Түскен кездегі жағдайы аса ауыр, бала есінен танған, ешқандай реакция бермеді. Хирург дәрігерлер баланы қарап, жабық шүйде сүйегінің сынуы диагнозын қойған. Бұған қоса сол жақ қасүсті аймағында жыртылған жара, дененің жұмсақ тіндерінде көптеген соғылған жарақат пен көгерулер болған. Реанимациялық шаралар нәтижесіз болды. Баланың мүрдесі сот-медициналық сараптамаға жіберілген. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, — деп хабарлады өңірлік денсаулық сақтау басқармасынан.
Аталған дерек бойынша полиция қылмыстық іс қозғады.
— Алдын ала мәліметтерге сәйкес, Тереңкөл ауылындағы үйден дене жарақаттарын алған жәбірленуші ауруханаға жеткізілген. Алайда ол есін жимастан көз жұмды. Аталған қылмысты жасады деген күдікпен жәбірленушінің әкесі анықталып, ұсталды және сот санкциясымен қамауға алынды, — деп мәлімдеді өңірлік полиция департаментінен.
Оқиғаның мән-жайы мен себептері тергеу барысында анықталатын болады.