Павлодарда ескерткіштің жанында әдепсіз би билеген қыздар айыппұл арқалады

0
135

Оқиғаның видеосы әлеуметтік желіде тарап кетті.


Павлодарда ескерткіштің жанында әдепсіз би билеген қыздар айыппұл арқалады

Фото: Бейнежазбадан

ERNUR.KZ. Павлодар сотында 9 мамыр қарсаңында Жеңіс саябағында әдепсіз би билеп, видео түсірген екі оқушы қызға қатысты әкімшілік іс қаралды, деп жазады inbusiness.kz.

“Іс материалдарына сәйкес, 2025 жылғы 2 мамырда сағат 16:00 шамасында кәмелетке толмаған қыздар Ж. мен И. Павлодар қаласындағы Даңқ ескерткіші мен Мәңгілік алаудың жанында ұятсыз билермен бейнеролик түсірген. Осылайша Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабының 4-бөлігінде көзделген ұсақ бұзақылықты жасаған”, – делінген сот хабарламасында.

Сотта екі кәмелетке толмаған қыз кінәсін толық мойындаған. Қыздар саябаққа хореографтың шақыруы бойынша басқа қыздармен бірге Жеңіс күніне арналған бейнеролик түсіру үшін барғанын айтқан.

“Ж.-ның айтуы бойынша, TikTok әлеуметтік желісінен көрген трендті түсіру үшін әдепсіз би билеген. Түсірілген бейнеролик Instagram желісіндегі жабық парақшаға "саябақты қорлаймыз" деген орынсыз жазумен жарияланған”, – делінген сот таратқан хабарламада.

Сот өкілдері тағы бір қыз осыған ұқсас түсініктеме бергенін атап өтті.

Сот кәмелетке толмаған қыздарды әкімшілік құқық бұзушылық жасағандары үшін кінәлі деп танып, әрқайсысына 39 320 теңге мөлшерінде әкімшілік айыппұл түріндегі әкімшілік жаза тағайындады.

Қаулы заңды күшіне енген жоқ.