Сөндіруге 11 қызметкер мен төрт бірлік техника тартылып, апаттар медицинасы орталығының бригадасы да барған.
Сурет: pexels
ERNUR.KZ. 27 сәуірде Павлодардағы "Транспортная" қосалқы станциясына найзағай түсіп, нәтижесінде "Западная городская" қосалқы станциясында электрмен жабдықтау тоқтатылды. Бұл туралы қала әкімі Хасар Хабылбеков мәлімдеді, деп жазады zakon.kz.
Оның деректері бойынша, Лесозавод ауданындағы, сондай-ақ Астана, Лермонтов және Бектұров көшелеріндегі тұрғын үйлер электр қуатынсыз қалды.
"Жедел түрде қажетті шаралар қабылданды, қазіргі уақытта тұрғын үй секторындағы электрмен жабдықтау толығымен қалпына келтірілді", – деп жазды Хабылбеков Instagram парақшасында.
Бұл ретте осы аймақтағы өнеркәсіптік кәсіпорындардың бір бөлігі уақытша жарықсыз қалды. Олар бойынша жұмыстар жалғасуда.
Өңірдің төтенше жағдайлар департаментінің ақпаратына сүйенсек, өрт сөндірушілер екі трансформатордағы 80 шаршы метр аумаққа жайылған өртті ауыздықтады.
"Өрт туралы хабарлама Павлодар, Әкімшілік қалашық мекенжайы бойынша сағат 20:02-де келіп түсті. Өрт 21:17-де жойылды. Зардап шеккендер жоқ, оқиғаның себебі анықталуда", – деп хабарлады ТЖД.
Сөндіруге 11 қызметкер мен төрт бірлік техника тартылып, апаттар медицинасы орталығының бригадасы да барған.