Оған қатысты іс қаралып, сот үкімі шықты.
Фото: istockphoto.com
ERNUR.KZ. Павлодарда қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот 12 жастағы өгей қызын зорлады деп айыпталған облыс тұрғынына үкім шығарды. Жүйелі қылмысы үшін ер адам өмір бойына бас бостандығынан айырылды, деп жазады azattyq-ruhy.kz.
Іс материалдарына сәйкес, 2025 жылдың көктемінде ер адам кәмелетке толмаған қыз балаға қатысты үш рет заңсыз әрекет жасаған. Оның екі эпизоды – зорлау, тағы бірі – 16 жасқа толмаған жасөспірімді азғындық жолға тарту ретінде сараланды.
Сот барлық мән-жайды ескеріп, қатаң үкім шығарды.
«ҚР ҚК-нің 58-бабының 4, 5-бөліктеріне сәйкес қылмыстық құқықбұзушылықтардың жиынтығы бойынша түпкілікті жаза ретінде өмір бойына бас бостандығынан айыру және педагогикалық лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыру жазасы тағайындалсын», – деді Павлодар облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Нұрлан Айтбаев.
Сонымен қатар ер адам моральдық залал үшін 7 миллион теңге өтемақы төлеуге міндеттелді.
Аталмыш басылымның мәліметінше, сотталған ер адам өгей қызының анасымен 2020 жылдан бері бірге тұрған. Әйел адамның 2019 жылы туған тағы бір қызы бар. Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.