Павлодарда өрт болған саяжайдан ер адамның денесі табылды

0
449

Өрттің шығу себебі мен келтірілген шығын көлемі анықталып жатыр.


Павлодарда өрт болған саяжайдан ер адамның денесі табылды

ERNUR.KZ. Павлодарда өрт болған саяжайдан ер адамның денесі табылды, деп жазады Azattyq Ruhy.

Тілсіз жауды ауыздықтауға оқиға орнына жеке құрамнан екі техника мен 11 қызметкер жіберілді.

Павлодар қаласы төтенше жағдайлар бөлімінің азаматтық қорғау капитаны, бас маман Нұржан Советтің айтуынша, 24 тамызда сағат 04:14-те «101» арнайы желісіне Виноградная көшесі, 17 мекенжайы бойынша «Ертіс» бағбаншылығында өрт шыққаны туралы хабарлама түскен.

«Қолданыстағы саяжай аумағында 30 шаршы метр кірпіштен қаланған бір қабатты саяжай толығымен жанып, 20 шаршы метр аумақта шатыры жартылай опырылғаны анықталды. Газ-түтіннен қорғау қызметінің бөлімшесі барлау барысында 1986 жылы туған ер адамның денесін тапты», - дейді Нұржан Совет.

Сондай-ақ шатырдан сыйымдылығы 27 литрлік бір газ баллоны шығарылды.

Саяжайдың иесі 1961 жылы туған азаматша № 1 қалалық ауруханаға жатқызылды.

Тексеру іс-шаралары барысында анасы мен баласының Павлодар қаласында Бектұров көшесінде тұратыны және иелігінде саяжай учаскесі бар екені анықталған.

«23 тамыз күні пәтерде тарақандардан залалсыздандыру жұмыстарын жүргізуге байланысты үй иесінің ұлы 1986 жылы туған ер адам сажайға барған. Анасы шамамен сағат 19:00-де пәтерде залалсыздандыруды аяқтап, саяжайға барған кезде ұлының мас күйінде отырғанын көрген. Қолында екі бөтелке сыра болған. Сағат 21:00 шамасында анасы ұйқыға жатқан», - дейді Нұржан Совет.

Әйел адам 24 тамызда шамамен таңғы таңғы сағат төртте айғайлаған дауысты естіп, оянып кеткенде бөлмеден перде мен тұрмыстық заттардың өртеніп жатқанын көрген.

Өрттің шығу себебі мен келтірілген шығын көлемі анықталып жатыр.