Жауапсыз ата-ананың ісі енді сотта қаралмақ.
ERNUR.KZ. Павлодарда пәтерлердің бірінен адам төзгісіз жағдайда өмір сүрген 3 бала табылды. Полицияның айтуынша, ата-анасы бірдей ішімдікке салынып, бүлдіршіндерге мүлдем қарамаған, деп жазады azattyq-ruhy.kz.
Тәртіп сақшылары үйге барған кезде әкелері мас болып жатқан. Бөлмелер астаң-кестең. Аяқ алып жүру мүмкін емес. Балалар аш-жалаңаш. Тоңазытқышта арақтан басқа түк жоқ. Тіпті, 2 және 4 жастағы балалардың жатар орны да болмаған. Жауапсыз ата-ананың ісі енді сотта қаралмақ. Бүлдіршіндер балалар үйіне орналастырылды. Облыс бойынша полиция есебінде тұрған осындай 288 отбасы бар.
«Кәмелетке толмаған балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамағаны үшін ата-анаға қатысты Әкімшілік кодекстің 127-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік материал толтырылып, сотқа жіберілді. Сонымен ата-аналардың мінез құлқы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі қалалық комиссияда қаралады», - деді қалалық полиция басқармасы бастығының бірінші орынбасары Арман Қаптаев.