​Павлодарда жауған алғашқы қар жол қозғалысын қиындатты

0
178

Түнде Павлодарға алғашқы қар түсті.


​Павлодарда жауған алғашқы қар жол қозғалысын қиындатты

Фото: Павлодар облысының тұрғындарынан

ERNUR.KZ. Павлодар облысына алғашқы қар жауды. Қазіргі уақытта көктайғаққа байланысты өңірдегі жолдарда жүру қиындап тұр, деп жазады kaz.inform.kz.

Түнде Павлодарға алғашқы қар түсті. Кешкілік басталған жаңбырдың соңы қарға ұласып, таңертең облыстың елді мекендерін әжептәуір қар басты. Кей жерде жол жүру қиындап жатыр.
Таңертең әлеуметтік желіде «Астана-Павлодар» автобанында көліктерге шектеу қойылғаны туралы ақпарат тарады. Елордадан шыққан жолаушылар Екібастұз қаласы тұсына жеткенде полиция жолды жауып тастаған.


“ Бүгін таңертеңнен бастап Астана-Павлодар автобанында, атап айтқанда Павлодар — Қалқаман учаскесінде ауа райының қолайсыздығына байланысты автокөліктердің жүруіне шектеу қойылды. Бетонды жол көктайғақ, көліктердердің жүруіне аса қауіпті. Қазір көлік құралдары Павлодар қаласынан шығарылмай жатыр. Шектеудің әзірше қашанға дейін жалғасатыны белгісіз, — деп хабарлады 102 операторы.
Кейіннен өңірлік полиция департаменті Павлодар – Астана автобанындағы жол учаскесіне қойылған шектеу сағат 10:00 шамасында алынғанын хабарлады. Полиция уақытша шектеу таңертеңгі сағат 8.00-10.00 арасында сақталғанын растады.

Ал «ҚазАвтожол» ұлттық компаниясы өз тараптарынан ешбір шектеудің енгізілмегенін, жол тазалау жұмыстары жүріп жатқанын мәлім етті.

Павлодар қаласының әкімдігі де жол тазалығына жауапты мердігер компаниялардың техникалары шаһар көшелерін қардан тазартып жатқанын жеткізді.

Облыс орталығының тұрғындары ауа райы қолайсыздығына байланысты такси бағасын өсіп кеткенін де наразылықтарын білдіріп жатыр. Қазіргі уақытта қала бойынша такси қызметінің орташа бағасы — 1500-2000 теңге.
Қаланың коммуналдық қызметтері күшейтілген тәртіпте жұмыс істеп жатыр.
“ Алғашқы қардың түсуіне байланысты қала көшелеріне 300-ден астам арнайы техника мен 250-ге жуық коммуналдық қызметкерлер жұмылдырылды. Негізгі назар маңызды магистральдық көшелерді, аялдама павильондарын, тротуарлар мен жаяу жүргіншілер өткелдерін тазалауға аударылған. Бұл — көлік қозғалысы мен тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жасалып отыр. Қар қала сыртына шығарылады, ал жолдың жүру бөлігі мен тротуарлар көктайғаққа қарсы материалдармен өңделу үстінде “, — деп хабарлады Павлодар қалалық әкімдігінен.