Көлік тізгінінде 22 жастағы жүргізуші болған.
Фото: © istockphoto.com
ERNUR.KZ. Астана–Павлодар тас жолында болған қайғылы жол апаты 21 жастағы жолаушы үшін ауыр қасіретпен аяқталды. Такси сервисімен жолға шыққан студент екі аяғынан айырылып, аурухананың жансақтау бөліміне түсті, деп жазады Azattyq Rýhy.
Жан түршігерлік апат 29 мамыр күні кешке Павлодар облысы аумағында болған. «Яндекс.Такси» қызметі арқылы жолаушы тасымалдап келе жатқан Hyundai Tucson кроссовері жол жиегіндегі темір қоршауға соғылған.
Павлодар облыстық полиция департаментінің мәліметінше, жүргізуші рөлге ие бола алмай, кедергіге соқтығысқан. Соққының қатты болғаны соншалық, металл конструкция автокөліктің алдыңғы жолаушы отыратын жағынан ішіне кіріп кеткен.
Жол апаты салдарынан 3 адам зардап шегіп, ауруханаға жеткізілді. Олардың ішінде ең ауыр жарақатты Астанадан Павлодардағы ата-анасына бара жатқан 21 жастағы студент алған. Зардап шегушінің достары оқиғаның мән-жайын былай деп баяндады:
«Апат Төртқұдық ауылының маңында, жол жөндеу жұмыстары жүріп жатқан тұста болды. Ол жерде арнайы белгілер орнатылып, қозғалыс біржақты бағытқа ауыстырылған екен. Алайда такси жүргізушісі жоғары жылдамдықпен келіп, темір қоршауға соғылған. Досымыз оқиға орнында-ақ оң аяғынан айырылып, көп қан жоғалтты. Жедел жәрдем көлігінде оның жүрегі тоқтап қалып, дәрігерлер оны қайта тірілтті. Ауруханада екінші аяғын да ампутациялауға тура келді. Қазір ол жансақтау бөлімінде жатыр», — дейді жақындары.
Такси тізгінінде 22 жастағы жүргізуші болған. Тәртіп сақшылары аталған жол апаты дерегі бойынша ресми түрде сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастады. Көлік құралы арнайы айып тұрағына қойылды.
Қазіргі уақытта апаттың нақты себептері анықталып жатыр.


