Перизат Қайраттың мүлкі қазақстандықтарға сатылады: тізім

0
116

Сот үкімдері бойынша тәркіленген мүлік аукцион арқылы сатылып, түскен қаражат залалды өтеуге бағытталады.


Перизат Қайраттың мүлкі қазақстандықтарға сатылады: тізім

фото: видеодан скрин

ERNUR.KZ. Қаржы мониторингі агенттігі Перизат Қайраттың мүлкі қазақстандықтарға аукцион арқылы сатылатынын хабарлады, деп жазады.

Агенттік төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесовтың айтуынша, сот үкімдері бойынша тәркіленген мүлік аукцион арқылы сатылып, түскен қаражат залалды өтеуге бағытталады.

"Мүлік сот үкіміне сәйкес аукционға қойылып, сатылады. Сәйкесінше, осы қаражат есебінен жәбірленуші тарапқа залал өтеледі", – деді Елемесов.

25 шілдеде Астанада Перизат Қайрат пен оның анасы Ғайни Алашбаеваға қатысты ұрлық пен алаяқтық ісі бойынша сот процесі аяқталды.

Перизат Қайраттан тәркіленген мүлік

Тәркіленген мүлік қатарында – Vela Village коттедж қалашығындағы жеке үй, Akbulak Riviera, Sensata Plaza, Highvill Ishim Gold, Көк Жайлау тұрғын үй кешендеріндегі пәтерлер мен автотұрақ орындары; сондай-ақ Mercedes-Benz S450 2024 жылғы, Lexus LX 600 2024 жылғы, Mercedes-Benz EQE 500 4 matic 2023 жылғы, Haval H6 GT 2024 жылғы автокөліктері бар.

Сонымен қатар, Перизат Қайраттан "Rebel Flowers" ЖШС-нің жарғылық капиталындағы 100 пайыздық үлесі, 97 миллион теңгеден астам қаражат пен 22 мың АҚШ доллары да тәркіленді.

Перизат Қайрат туралы не белгілі?

Перизат Қайрат - Biz Birgemiz Qazaqstan қайырымдылық қорының төрайымы, Қазақстандағы белсенді еріктілер қозғалысының жетекшісі ретінде танымал.

2024 жылы 14 қарашада Қаржылық мониторинг агенттігі Перизат Қайрат 1,5 миллиардты жымқырды деген күдікке ілінгенін хабарлады.

Еске салайық, биыл 25 шілдеде Перизат Қайрат орташа қауіпсіздік деңгейіндегі мекемеде 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал Перизат Қайраттың анасы 7 жылға сотталды.