Уланған үшінші адамның да жағдайы өте ауыр. Дәрігерлер оның өмірі үшін күресіп жатыр.
Иллюстрациялық фото:depositphotos.com
ERNUR.KZ. Петропавлда үш ер адам белгісіз алкогольдік тұнбадан уланып, оның екеуі қайтыс болды, үшіншісінің жағдайы өте ауыр, деп жазады tengrinews.kz.
Ауыр улану белгілері бар үш ер адам қалалық көпбейінді жедел медициналық жәрдем ауруханасына жеткізілді. Медициналық мекеме баспасөз қызметінің мәліметінше, оларды алып келгендер өткен демалыс күндері ер адамдар шығу тегі белгісіз тұнба ішкенін айтқан.
"Үшеуінде де ұқсас белгілер байқалды: ентігу, айналасындағылармен байланыстың бұзылуы. Ер адамдардың бірі бірнеше рет құсқан. Екі пациент қайтыс болды: біреуі түскен күні, екіншісі үшінші тәулікте көз жұмды", - деп хабарлады медициналық мекеме.
Уланған үшінші адамның жағдайы өте ауыр. Дәрігерлер оның өмірі үшін күресіп жатыр.
"Егер сусынды немесе тұнбаны өзіңіз дайындасаңыз, бұл олардың қауіпсіз екенін білдірмейді. Құрамындағы, концентрациясындағы немесе дайындау әдісіндегі қателік күтпеген салдарға әкеп соғуы мүмкін. Құрамы мен шығу тегі белгісіз сұйықтықтарды қолданбаңыз. Күмәнді қоспаларды қызығушылық үшін де татып көрмеңіз. Сынап көру үшін өміріңізді қатерге тікпеңіз. Кейде салдарды түзету мүмкін болмай жатады", - деп ескертеді дәрігерлер.
Дәрігерлер уланудың алғашқы белгілері байқалғанда дереу 103 немесе 112 нөмірі бойынша жедел жәрдем шақыруға кеңес береді.
Бұған дейін Петропавлда дәрігерлер сәнді үрдіске еріп, "күйзелісті басу және бой сергіту үшін" шыбынжұт жеген пациенттің өмірі үшін бірнеше тәулік бойы күрескенін жазған едік. Ауыр уланған 40 жастағы әйел қалалық көпбейінді жедел медициналық жәрдем ауруханасына жеткізілген.
Жансақтау бөлімінің дәрігерлері пациентті өлім аузынан алып қалды. Төрт тәулік бойы олар ағзадан уды шығарып, өмірлік маңызды функцияларды қолдау, интоксикациядан туындаған бұзылыстарды түзету және ауыр асқынудың алдын алу үшін қарқынды терапия жүргізді.


