Президент Әкімшілігінің қоғамдық қабылдауына жүгінуге болатын YouTube-канал ашылды

0
917

Әр азамат өз мұң-мұқтажын, мәселесін осы YouTube арнада қалдырса болады.


Президент Әкімшілігінің қоғамдық қабылдауына жүгінуге болатын YouTube-канал ашылды

ERNUR.KZ. ҚР Президенті Әкімшілігінің қоғамдық қабылдауына жүгінуге болатын YouTube-канал ашылды. Арнаны елімізге белгілі заңгер Абзал Құспан таныстырды, деп жазады ҚазАқпарат.

«Бұл жобаның идеясы қайдан шықты? Биылғы тамыз айында ҚР Президенті жанынан Аида Балаеваның жетекшілік етуімен ҚР Жоғарғы сотының, Бас прокуратураның, Ішкі істер министрлігінің, басқа да ведомстволардың қатысуымен азаматтарды қабылдау қоғамдық комиссиясы құрылған болатын. Бұл қоғамдық комиссияға азаматтар республиканың түкпір-түкпірінен өз арыз-шағымын айтып келеді. Нақты жеке қабылдау барысында олардың проблемалары аталған тұлғалар мен облыс әкімдері, өңір басшыларының селекторлық кеңесі арқылы шешіліп отырады», - деді заңгер комиссияның YouTube арнасында.

Абзал Құспан қоғамдық комиссияға кіру туралы Президент Әкімшілігінен түскен ұсынысты қабылдағанын айтады.

«Өйткені, заңдық-құқықтық мәселелер кейінге қалдыруды, жүйенің немесе саясаттың өзгеруі сияқты себептерді күтіп тұра алмайды. Олар нақты осы жерде, осы сәтте шешілуі тиіс. Комиссия құрамына Президент Әкімшілігінің арнайы шақыруымен ҚР Адвокаттар қауымдастығы атынан қатысып отырмын. Жиын барысында әр азаматтың мәселесі жеке талданып, талқыланып, проблемалардың мейілінше оң шешілуіне жағдай бар. Әр азаматтың жағдайы әртүрлі болғанымен мәселелері ортақ. Оны шешу жолдары ортақ. Өзімнің заңгерлік көмегімді беріп отыру керек деп шештім. Аида Ғалымқызының басшылығымен болатын осы комиссия ешкімді алаламай, бөліп-жармай, әр азаматтың мұң-зарын тыңдап, мәселелерді шешеді», - деді ол.

Әр азамат өз мұң-мұқтажын, мәселесін осы YouTube арнада қалдырса болады. Ол үшін астына пікір қалдыру керек. Арнада Абзал Құспанның WhatsApp нөмірі де көрсетілген.

Еске сала кетсек, бұған дейін ҚР Президенті Әкімшілігінің қоғамдық қабылдауына қалай жазылуға болатынын жазған едік.