ПРЕЗИДЕНТ ПӘРМЕНІ: Жол сапасын жақсартып, қауіпсіздігін қамтамасыз ету – маңызды міндет

0
315

Тұрғындарға жайлы өмір сүру ортасын құру мақсатында бірқатар тапсырма берді.


ПРЕЗИДЕНТ ПӘРМЕНІ: Жол сапасын жақсартып, қауіпсіздігін қамтамасыз ету – маңызды міндет

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев күні кеше «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» деп аталатын кезекті Қазақстан халқына арнаған Жолдауын жария етті. Президент өз сөзінде түрлі салаға қатысты жүзден аса жаңа заң қабылданғанын айтып, тұрғындарға жайлы өмір сүру ортасын құру мақсатында бірқатар тапсырма берді. Солардың ішінде ел аумағындағы автокөлік жолдарының сапасын көтеру жұмыстары да бар.


Автомобиль жолдарының сапасы өте маңызды екендігіне тоқталған Президент алдымен бұл мәселені әрдайым назарда ұстап келе жатқандығын жеткізді. Мемлекет басшысының өз Жолдауындағы мәлімдемесіне сүйенсек, бүгінгі таңда жаңадан салынып жатқан және жөндеу жүргізіліп жатқан ел аумағындағы автожолдың жалпы ұзындығы он екі мың шақырымға жуықтайды. Айта кетерлігі, Тәуелсіз Қазақстанда мұндай ауқымды жұмыс бұған дейін жүргізілмеген. Президенттің айтуынша, Астана мен Алматыны, Ақтөбе, Атырау мен Астраханьды, Талдықорған мен Өскеменді байланыстыратын үлкен жолдарды қайта құру жұмыстары жуырда аяқталады. Сонымен қатар,Қасым-Жомарт Тоқаев көлік нөпірі көп болатын облыс және ауданаралық он мың шақырымнан аса автожолды жөндеуді тапсырды. Тапсырып қана қоймай, сапаға ерекше мән беріп, заман талабына сай озық әдіс-тәсілдерді қолдануды және жол жағдайын бақылау жұмыстарын күшейтуді жүктеді. Оған қоса цифрлы жүйе құрып, оған барлық жолдар мен жөндеу жұмыстары туралы ақпараттар енгізілуі керек екенін айтты.


Осы ретте БАҚ өкілдерінің сауалына жауап берген «ҚазАвтоЖол» АҚ-ның ресми өкілі Сәкен Ділдахмет ел аумағындағы жолдардың сапасын бақылау бағытында мардымды жұмыстар атқарылып жатқанын жеткізді. Оның айтуынша биыл рекордтық көрсеткіш болып саналып отырған он екі мың шақырымға жуық жөндеудегі жолдың сегіз мың шақырымы республикалық, ал қалған төрт мың шақырымға жуығы жергілікті жолдар.


- Биылғы жылдың аяғына дейін төрт бірдей күре жолдағы жұмыстарды аяқтауды жоспарлап отырмыз. Олар Астана-Алматы, Атырау-Астрахань, Ақтөбе-Қандыағаш және Талдықорған-Қалбатау-Өскемен жолдары. Осы жобалар аясындағы жұмыстардың 85 пайызы орындалды. Жыл біткенші бұл жұмыстарды толық аяқтап, жол қозғалысын ашатын боламыз. Президент Жолдауында айтылғандай, биыл қосымша 2,5 мың шақырым жол орта жөндеуден өткізіліп жатыр. Бұл жолдар соңғы 20-30 жылда мүлдем жөндеу көрмеген. Енді бұл санатағы жолдарды он мың шақырымға жеткізуді тапсырды. Олардың ішінде жергілікті жолдар да болады, - дейді ол.


«ҚазАвтоЖол» өкілінің айтуынша, бұл жұмыстар елдің ішкі инфрақұрылымын жақсартуға ықпал етеді. Жүк тасымалы, адам тасымалы және облыстардың экономикасын көтеру салаларына да серпін сыйлап, елімізді шет мемлекеттермен де байланыстырып отырған логистикаға да пайдасын тигізеді.


- Біздің жолдың сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жұмыс істеп жатырмыз. Бұл мәселелерге Мемлекет басшысы да айрықша назар аударды. Осы орайда республикалық жолдар бойына арнайы бейнекамералар орнатылып жатыр. Олтехнологиялар бірінші кезекте көліктердің орташа жылдамдығын бақылайды. Екіншіден жылдамдық асырған жағдайда заңбұзушылықты құзіретті органдарға жолдайды. Мұндай камералар республикалық жолдар бойындағы 74 учаскіге орнатылды. Бейнебақылау тікелей эфир режимінде көрсетіледі. Жол жағдайын, ауа райын, кептеліс немесе жол көлік оқиғасының бар не жоқ екенін анықтауға болады. Одан бөлек, еліміздегі ақылы жол жүйесін дамытып жатырмыз. Биыл 1900 шақырымға жуық жолды қайта құрып, пайдалануға беруді жоспарлағанбыз. Мәселен осы апта ішінде Шамалған жолы мен көпірі, Қандыағаш-Мақат бағыты, осы айдың ішінде Қарағанды-Бадхаш, Талдықорған-Өскемен, Ақтөбе-Қандыағаш жолдарының учаскелері ашылады, - дейді Сәкен Ділдахмет.


Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ