Президентке деген халықтың сенімі 1,7 пайызға артқан

0
622

Халықтың қанша пайызы президентті қолдайтыны белгілі болды.


Президентке деген халықтың сенімі 1,7 пайызға артқан

Әлеуметтік зерттеулер халықтың 81,4 пайызы президентті қолдайтынын көрсеткен. Ал Үкімет, парламент, әкімдіктерге деген бұқараның сенімі былтырғы көрсеткіштермен салыстырғанда төмендепті. 50 пайыздан сәл-ақ асады, деп хабарлайды ERNUR.KZ КТК арнасына сілтеме жасап.

Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты жүргізген әлеуметтік сауалнама қорытындысы осындай. Зерттеу жұмыстары ақпан айында жасалған.

12 күн бойы Қазақстанның түкпір-түкпірінен 18 жастан асқан 6800 тұрғын жеке сұхбат түрінде, фэйс ту фэйс арқылы арнайы сұрақтарға жауап беріпті. Респонденттердің басым бөлігі мемлекет басшысының бастамаларына оң баға берген. Былтырғы көрсеткішке қарағанда президентке деген халықтың сенімі 1,7 пайызға артқан.

Ал министрлер кабинеті, әкімдер, депутаттарға деген үміт 2021 жылдың қарашасымен салыстырғанда едәуір азайып кетіпті. Былтыр саяси институттарға деген сенім орташа көрсеткішпен есептегенде 70 пайыздай болған.

Сондай-ақ, Қазақстанда көрсетілетін қызметтер мен тауарлардың бағасы, экологиялық жағдай, жол сапасына бұқараның көңілі аса толмайды. Медициналық көмек, табыс көзіне 50 пайыздан астам адам қанағаттанамыз деп жауап берген. Барлық азамат елде азық-түлік тауарлары бағасының өскенін айтып, шағымданған. Және биыл несие алып, күнін көріп жүргендер қатары артыпты.

"Жалпы әлеуметтік көңіл-күй өте нашар деп айту мүмкін емес. Әлі де проблемалар бар. Мысалға, миграциялық көші-қон, шетке кету сияқты көңіл-күйлерді біз байқамаймыз. Әлі де болса, қазақстандықтар өзінің болашағын осы елмен байланыстырады. Саяси институттарға сенім карт-бланш бар. Яғни қазіргі уақытта халық саяси институттар тарапынан бір нақты шешімдерді күтеді", - дейді ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының бөлім жетекшісі Жанна Кәрімова.