Президенттік жастар кадр резерві: Үміткер мемлекеттік тілді білуі міндеттелген

0
549

Резерв кандидатында мемлекеттік тілді білу деңгейін растайтын Қазтест немесе Qazaq Resmi Test сертификаты болуы шарт.


Президенттік жастар кадр резерві: Үміткер мемлекеттік тілді білуі міндеттелген

ERNUR.KZ. Президенттік жастар кадр резерві үміткерлеріне қойылатын басты талаптардың бірі мемлекеттік тілді білу және меңгеру. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Ерлан Әбіл мәлім етті, деп жазады ҚазАқпарат.

«Биылғы Президенттік жастар кадр резервіне іріктеудегі жаңашылдықтың бірі үміткердің мемлекеттік тілді білу деңгейін растауы. Резерв кандидатында мемлекеттік тілді білу деңгейін растайтын Қазтест немесе Qazaq Resmi Test сертификаты болуы шарт. Қазтест сынағынан офлайн форматта өту қажет болса, Qazaq Resmi Test-ті үміткерлер өздеріне ыңғайлы уақытта онлайн түрде тапсыра алады. Ол үшін веб-камерасы, микрофоны және интернеті бар компьютер болуы керек. Сондай-ақ, үміткерлер Мемлекеттік басқару академиясында Qazaq Resmi Test-ті тапсыру үшін арнайы дайындық курсынан өту мүмкіндігі бар. Оның ұзақтығы 36 сағат және құны 33 876 теңге теңге», - деді Ерлан Әбіл ОКҚ-де онлайн өткен баспасөз мәслихатында.

Сонымен қатар, академия басшысы үміткерлер qrt.kz сайты арқылы қазақ тілін меңгеру деңгейін растай алатынын еске салды. Бұған дейін Ерлан Әбіл Президенттік жастар кадр резеврі кандидаттарына қандай тапсырмалар берілетінін айтып берді.

Еске сала кетсек, елімізде Президенттік жастар кадр резевріне кандидаттарды іріктеудің екінші кезеңі басталады.

Сондай-ақ, аталған жобаға арналған порталдың іске қосылатыны айтылды.