Профилактика жылы: бұрынғы «есірткі салушылар» жастарды есірткінің салдары туралы ескертуде

0
106

ҚР Ішкі істер министрі 2025 жылды «Профилактика жылы» деп жариялаған.


Профилактика жылы: бұрынғы «есірткі салушылар» жастарды есірткінің салдары туралы ескертуде

ERNUR.KZ. Алғаш рет ІІМ жанынан есірткіге қатысты құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі кеңес құрылды. Кеңес мүшелері өңірлерге көшпелі сапарлар ұйымдастырды. Осындай кеңестер барлық өңірде жұмыс істейді. Бұл туралы ОКҚ алаңында өткен дөңгелек үстелде ҚР ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитетінің төрағасы Данияр Мейрхан мәлімдеді.

Спикердің айтуынша, Кеңес мүшелерінің бірі әкімдіктердің қолдауымен есірткі қылмысы үшін сотталып, бостандыққа шыққан адамдарды қайта әлеуметтендіру бағдарламасын кеңейтіп жүзеге асыруда. Бағдарлама сотталғандарды сұранысқа ие мамандықтарға оқытуды, оларды ҚАЖ мекемелерінде және бостандыққа шыққаннан кейін жұмыспен қамтуды көздейді.

«Профилактикалық жұмысқа бұрынғы «есірткі салушылар» да тартылуда. Бостандыққа шыққан азаматтардың ішінен шамамен 100 адам волонтер ретінде жастарды есірткінің салдары туралы ескертіп жүр. Алдын алу шараларында барлық қолда бар ресурстар пайдаланылады, үкіметтік емес ұйымдар мен қоғам өкілдері тартылған. 22 мың волонтер жұмылдырылды. БАҚ-та материалдар белсенді жариялануда. Акциялар саны артты. Мақсатты аудиторияны қамту 2 миллионнан астам адамға жетті», — деп атап өтті Данияр Мейрхан.

Мәселенің өзектілігін ескере отырып, есірткі қылмысына қарсы күресті үйлестіру мәселелері Премьер-министрдің басшылығымен Үкімет деңгейіне шығарылды, ал өңірлерде – облыс, республикалық маңызы бар қалалар мен Астана әкімдерінің деңгейіне көтерілді. Спикердің айтуынша, бұл барлық мемлекеттік құрылымның осы саладағы қызметін үйлестірудің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

«Премьер-министрдің төрағалығымен Республикалық штабтың алғашқы отырысы 2025 жылдың қазан айында өтті, онда 2026 жылға арналған жоспар бекітілді. Есірткіге қарсы қызмет бойынша әкімдіктердің рейтингі әзірленді. Енді рейтинг нәтижелері мен жергілікті атқарушы органдардың профилактикаға қосқан үлесі тоқсан сайын ел басшылығына баяндалатын болады», – деді Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитетінің төрағасы.

Сондай-ақ жаңа «Құқық бұзушылықтардың профилактикасы туралы» заңға сәйкес, ІІМ уәкілетті орган және профилактикалық саясаттың үйлестірушісі мәртебесін сақтап қалды. Денсаулық сақтау министрлігіне наркоманияның әлеуметтік маңызы бар ауру ретіндегі алдын алу жұмыстары бекітілді. Оқу-ағарту министрлігі жасөспірімдер мен жастарды тәрбиелеуге жауапты. Өңір әкімдері – құқық бұзушылықтардың жалпы профилактикасына жауап береді.

Спикердің айтуынша, 2023–2025 жылдарға арналған кешенді жоспардың іске асырылуы айтарлықтай нәтижелер берді. Атап айтқанда, есірткі құралдары мен прекурсорлардың тізбелері жаңартылды, синтетикалық есірткіні тәркілеу көлемі артты, сараптамалар жүргізу мерзімдері қысқартылды, бұғатталған сайттар мен құқыққа қайшы контенттің саны көбейді.

Сонымен қатар Комитет төрағасы Қазақстандағы есірткі ахуалы әлі де осал күйде қалып отырғанын және ол келесі негізгі факторлармен сипатталатынын атап өтті:
• ел ішінде синтетикалық есірткінің өндірісі және олардың негізінен «байланыссыз» тәсілмен өткізілуі;
• оңтүстік өңірлерде каннабис тобына жататын есірткіні (жабайы және қолдан өсірілетін) маусымдық дайындау;
• ауған опиаттарының транзиті қаупінің сақталуы;
• құрамында есірткі болатын дәрілік препараттарды теріс пайдалану.