ҚР Жоғарғы соты іс бойынша үкімнің барлық түрінің құрылымын қайта қарастырады

0
1 675

Жоғарғы сот судьясы үкімдердің барлық түрінің құрылымын қайта қарап, сот актілерін ұзын-сонар жазудан бас таруды ұсынды.


ҚР Жоғарғы соты іс бойынша үкімнің барлық түрінің құрылымын қайта қарастырады

Бұл туралы бүгін ҚР Жоғарғы сотының кезекті жалпы отырысында Жоғарғы сот судьясы Ербол Рахымбеков айтты, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Ербол Рахымбековтың айтуынша, процесске қатысушылар тарапынан үкімнің түсініксіздігіне қатысты шағым жиі түседі.

«Судья шешім шығарды, біз одан ештеңе түсінбедік» немесе «бірнеше беттік үкім мәтінін оқып шыққанымен ештеңе түсіне алмадық» дейтіндер көп. Әлеуметтік желіде кез келген бір үкімге қатысты теріс пікірлер молынан кездеседі. Егер оны оқып шықсаң, оқырманға бұрмаланған ақпараттың жеткендігі түсінікті болады. Ал бұрмаланған ақпарат қалай пайда болады? Әрине, нақты түзілмеген, күрделі тілде жазылған, артық сөздері көп үкімнен шығады», - деді Ербол Рахымбеков.

Жоғарғы сот судьясы үкімдердің барлық түрінің құрылымын қайта қарап, сот актілерін ұзын-сонар жазудан бас таруды ұсынды.

«Үкім рет-ретімен баяндалуы тиіс. Іске тікелей қатысы бар оқиғаларды ғана көрсету қажет. Бірнеше эпизодты істе оқиға хронологиясын сақтап, эпизодтарды санмен белгілеу арқылы бөлу ұсынылады», - деді ол.

2017 жылы қазақстандық соттар 35 мың адамға қатысты 29 мыңнан астам үкім шығарған.