Ресей Ақтау маңындағы ұшақ апаты бойынша қылмыстық істі тоқтатты

0
116

Әзірбайжан сыртқы істер министрі Джейхун Байрамов бұл шешімге наразы.


Ресей Ақтау маңындағы ұшақ апаты бойынша қылмыстық істі тоқтатты
Фото: ТЖМ

ERNUR.KZ. Әзірбайжан Ресейдің ұшақ апатына қатысты тергеуді тоқтатқанына қатты реакция білдірді, деп жазады stan.kz.

Ресей Ақтаудағы AZAL ұшақ апатына қатысты тергеуді тоқтатты.

Әзірбайжан сыртқы істер министрі Джейхун Байрамов бұл шешімге наразы. Ол Ресей тергеу комитетінің төрағасы Александр Бастрыкиннің AZAL ұшағының апатына қатысты қылмыстық тергеуді тоқтату туралы хаты Баку үшін күтпеген жағдай болды деп отыр.

Әзірбайжан бұл мәселе бойынша өзінің принциптік ұстанымын білдірді. Баку Ресей президенті Душанбеде бұрын айтқанындай, тергеудің аяқталуын күтеді.

"Біз бұл процесс екі ел басшылары арасындағы келіссөздерге сәйкес аяқталады деп үміттенеміз", – деді министр.

Айта кетейік, апат 2024 жылдың соңында Ақтау маңында болды. Баку–Грозный бағытымен ұшып бара жатқан ұшақта 67 адам болған. Олардың 38-і (негізінен Әзірбайжан азаматтары) қаза тапты. Қайғылы оқиға алдында әуе кемесі Ақтау әуежайының үстінен бірнеше рет айналып өткен. Пилот 7 700 дабыл кодын беріп, қосалқы әуежайға қонуға сұрау жіберген.

Кейін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Әзірбайжан билігі құтқару операциясына қатысқан азаматтарды ерлік пен кәсібилігі үшін наградтады.

Кейіннен Әзірбайжан президенті Ильхам Әлиев Ақтаудағы ұшақ апатына кінәлілерді жазалауды талап еткен еді. Ильхам Алиев Әзірбайжан азаматтарының қаза болуына Ресей өкілдері кінәлі екенін сеніммен айта алатынын жеткізген.

4 ақпанда Қазақстанның Көлік министрлігі апаттың алдын ала нәтижелері бойынша есеп жариялады. Онда әуе кемесінің зақымданған және жартылай өртенген бөліктерінің фотолары, сондай-ақ төтенше жағдайдан кейінгі ұшу реконструкциясы көрсетілген. Алдын ала есепте "Ковер" жоспары жарияланған сәттегі диспетчерлер әңгімесінің фрагменті де бар.

Жуырда Ресей президенті Владимир Путин Ильхам Әлиевпен кездесуде Ақтау маңындағы AZAL ұшағының апатына қатысты пікір білдірді.