Үндістан азаматы қазақ полицейлеріне алғыс айтты.
Фото: Polisia.kz
ERNUR.KZ. Ресейден Үндістанға велосипедпен жол тартқан шетел азаматы Атырау облысында адасып кеткені анықталды, деп жазады azattyq-ruhy.kz.
Облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, 24 тамыз күні Атырау облысында патрульдік полиция қызметкерлері Наурызбек Сұлтанов пен Әліби Жасталапов пен Әкежан Бекболат қызметтік міндеттерін атқару барысында жол бойында велосипедпен келе жатқан шетел азаматын байқаған.
Саяхатшы Ресейден Қазақстан арқылы Үндістанға велосипедпен жол тартып келе жатқан. Алайда жолда адасып, интернетке қосылуда қиындықтарға тап болған.
«Полицейлер шетелдік азаматқа бірден көмек көрсетіп, SIM-картасын іске қосуға және интернетке қосылуына жәрдемдесті. Сонымен қатар оның қонақүй таба алмай жүргенін білген тәртіп сақшылары жақын маңнан қонақүй тауып, орналасуына көмектесті. Осылайша патрульдік полиция қызметкерлері жол үстінде қиындыққа тап болған саяхатшыға қолдау көрсетіп, оның сапарын әрі қарай жалғастыруына жағдай жасады. Көрсетілген көмекке риза болған саяхатшы полицейлерге алғысын білдірді. Бұл – полиция қызметкерлерінің қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етумен қатар, көмекке мұқтаж азаматтарға қолдау көрсетіп, қонақжайлық пен адамгершілік танытудың жарқын үлгісі», – делінген ПД хабарламасында.


