Ресейге баратын қазақстандықтарға ВИЧ пен наркологиялық тексеруден өту міндеттелмек

0
200

Бастаманы Ресей Мемлекеттік думасының депутаттары көтеріп отыр.


Ресейге баратын қазақстандықтарға ВИЧ пен наркологиялық тексеруден өту міндеттелмек

Фото: lasalute-clinic.ru

ERNUR.KZ. Ресейге кіру талаптары күшейтіліп, енді шекарадан өткен қазақстандықтар ВИЧ пен наркологиялық тексеруден өтуге міндеттелуі мүмкін, деп жазады stan.kz.

Бастаманы Ресей Мемлекеттік думасының депутаттары көтеріп отыр. Ұсынылып отырған заң жобасы қабылданған жағдайда, Ресейге кірген кез келген шетел азаматы бұрынғыдай 90 күн ішінде емес, бір айдың ішінде медициналық тексеруден өтуге тиіс.

Ал Ресейде ұзақ уақыт тұруды жоспарлаған азаматтар жыл сайын АИТВ (ВИЧ) инфекциясының және есірткіге тәуелділіктің жоқтығын дәлелдейтін анықтама тапсырып отыруы қажет болады. Егер тексеруден соң инфекция анықталса немесе тыйым салынған заттарды қолданғаны белгілі болса, бұл ақпарат тиісті органдарға жедел түрде жолданады.

Заң талаптарын орындамағандарға салынатын айыппұл көлемі де 12 есеге артуы мүмкін. Бұл Қазақстан валютасымен есептегенде 164 мыңнан 329 мың теңгеге дейін жетеді. Сонымен қатар медициналық мекемелерге де жауапкершілік күшейтіледі. Шетел азаматтарына жалған анықтама бергендерге 4 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылып отыр.

Жаңа талаптар Ресейде оқитын студенттерге, жұмысқа орналасуды жоспарлағандарға және бұл елге жиі қатынайтын азаматтарға тікелей әсер етуі мүмкін. Заң жобасының негізгі мақсаты – заңсыз миграциямен күресу және шетел азаматтарының денсаулығына бақылауды күшейту. Құжатты қазір 427 депутат қолдап отыр.