Ресейлік ұшақ Қазақстан көгінде дабыл белгісін қосты

0
188

Сервис деректеріне сәйкес, ұшақ Көкшетау маңында кері бұрылған.


Ресейлік ұшақ Қазақстан көгінде дабыл белгісін қосты

фото:depositphotos.com

ERNUR.KZ. Новосібірден Махачкалаға S7 7099 рейсімен бағыт алған S7 Airlines ұшағы Қазақстан көгінде апат белгісін қосты. Flightradar сервисінің мәліметінше, борт Көкшетау маңында кері бұрылған, деп жазады tengrinews.kz.

Рейс туралы не белгілі?

Flightradar24 мәліметінше, Новосібірден Махачкалаға бет алған ұшақ Қазақстан аумағында ұшу кезінде 7700 апат жағдайы кодын жолдады.

Осыдан кейін борт бағытын өзгерткен. Сервис деректеріне сәйкес, ұшақ Көкшетау маңында кері бұрылған.

Скриншот: Flightradar24.com

Толмачево әуежайының онлайн-таблосындағы мәлімет бойынша, ұшақ Новосібірден жергілікті уақытпен 13:20-да (Астана уақытымен 11:20-да) ұшып шыққан.

Flightradar24 деректеріне сәйкес, рейсті RA-73668 тіркеу нөмірі бар Boeing 737-800 ұшағы орындаған. Ұшу картасында SBI7099 және S77099 белгілері көрсетілген.

Скриншот: Flightradar24.com

Ұшу тарихы

Flightradar24 мәліметінше, ұшақ Астана уақытымен сағат 12:15-те Қазақстан шекарасын кесіп өткен. Сол сәтте ол шамамен 10,4 шақырым биіктікте ұшып, жылдамдығы сағатына 739 шақырым болған.

Астана уақытымен сағат 12:30-да әуе кемесі 7700 апат кодын берген. Бұл кезде ұшақ шамамен 9,1 шақырым биіктікте, сағатына 756 шақырым жылдамдықпен ұшып бара жатқан. Төрт минуттан кейін, сағат 12:34-те, лайнер бағытын өзгертіп, Ресей аумағына қарай бет алған. Осы кезде ұшу биіктігі шамамен 7,6 шақырымға дейін төмендеп, жылдамдығы сағатына 883 шақырымға дейін артқан.

Астана уақытымен сағат 12:45-те ұшақ Қазақстан шекарасын кері бағытта кесіп өткен. Бұл уақытта оның ұшу биіктігі шамамен 6,4 шақырымға дейін төмендеген.

Flightradar24 мәліметінше, ұшақ Астана уақытымен сағат 13:08-де Омбыға қонған. Бұл Новосібір уақытымен сағат 15:08.

7700 дабылы нені білдіреді?

7700 коды - бұл әуе кемесінің экипажы борттағы төтенше жағдай туралы диспетчерлерге хабарлау үшін борттық жауап бергіш арқылы жолдайтын жалпы апат коды.

Бұл код әуе кемесіне әуе қозғалысын басқару қызметтері тарапынан ерекше назар аудару қажет болған жағдайда қолданылады. Бұған техникалық ақаудан бастап, шұғыл шаралар қолдануды талап ететін басқа да жағдайлар себеп болуы мүмкін.

S7 әуекомпаниясы ұшақтың Омбыға қону туралы шешімді техникалық ақауға байланысты экипаж қабылдағанын нақтылады.

"Экипаж техникалық ақауға байланысты Омбыға қону туралы шешім қабылдады", - деп хабарлады әуекомпания РБК-ға.

Ақаудың нақты сипаты, жолаушылардың жағдайы және ұшақтың қонуына қатысты қосымша ақпарат әзірге жоқ.

Біз "Қазаэронавигация" АҚ-на, Қазақстанның Азаматтық авиация комитетіне және Қазақстанның Көлік министрлігіне пікір білдіру жөнінде сауал жолдадық. Материал жарияланған сәтте жауап түскен жоқ.

S7 Airlines әуекомпаниясы туралы не белгілі?

S7 Airlines - ішкі және халықаралық жолаушылар тасымалын жүзеге асыратын ресейлік әуекомпания. Әуе қозғалысын бақылау жүйелерінде оның рейстері S7 және SBI белгілерімен көрсетіледі.