Қуаныш бұған дейін жеңіл көліктерді сүйреген.
ERNUR.KZ. Шығыс Қазақстан облысының спортшылары карантин уақытында да қарап жатпай, жаттығу жұмыстарын жалғастыруда. Соның айқын дәлелі – жақында Зайсан ауданындағы гір көтеруші Қуаныш Қыдырпатша. Ол екі жүк көлігін қатар тіркеп, сүйреп жүргізді, деп жазады Алтайньюс.
- Әлем чемпионатының үш дүркін жүлдегері, Азия чемпионы және гір спорты бойынша еліміздің бірнеше дүркін чемпионы Қуаныш Қыдырпатша бірнеше апта бұрын ғана ГАЗ-53 жүк көлігін арқанмен тартып жүргізген болатын, - дейді облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметі. - Бірақ ол рекордын қайта жаңартпақ болған спортшы ГАЗ-53 жүк көлігіне тағы да ЗИЛ-130 маркалы екінші жүк көлігін тіркеп, екеуін бірге 10 метрге дейін сүйреп апарды. Екі жүк көлігін қосқандағы жалпы салмағы 8,5 тонна болады.
Қуаныш Қыдырпатша 2014 жылдан бері Зайсанда. Қазіргі таңда гір спортынан шәкірт тәрбиелеп отырған аға жаттықтырушы. Өзі карантинде жай жатпай, бұрыннан қызығып жүрген ісімен айналысып көруді жөн тапқандығын айтады.
- Біздің спорт – экстрим, күштік спорт түрі ғой. Ауыр көліктерді тартып көруге қызығушылығым бұрыннан бар. Бұған дейін жеңіл көліктерді сүйреп жүргенмін. Арқа, аяқ бұлшық еттерін шынықтыруға жақсы. Карантин кезінде осы ойға алған ісімді жүзеге асырып көруге бел будым. Алдағы уақыттарда тағы да күшімді сынап көргім келеді, - дейді жас спортшы.
Айта кетейік, осыған дейінгі карантин уақытында, яғни, мамыр айында боксшы Темірлан Айтан мен армрестлинг спортшысы Ораз Басаров пластик бөтелкелерін тіреп жерден кеудені көтеру бойынша екі «КинЭС» рекордын орнатқан. Ол кезде Темірлан 120 рет екі платик бөтелкемен, ал Ораз Басаров бір бөтелкемен 52 рет кеудесін жерден көтерген болатын. «КинЭС» бұл спортшыларға осы рекордтарын растайтын құжаттарын жақын күндері табыстайды.