Samruk-Kazyna Construction экс-директорына халықаралық іздеу жарияланды

0
122

Ол "Дорстройтрест" серіктес басшысымен бірге "Көк-Төбе" көппәтерлі тұрғын үй кешенінің құрылысына бөлінген бюджет қаражатын жымқырды деген күдікке ілінді.


Samruk-Kazyna Construction экс-директорына халықаралық іздеу жарияланды

фото: Sputnik / Владислав Воднев

ERNUR.KZ. "Samruk-Kazyna Construction" АҚ басқарушы директоры мен "Дорстройтрест" ЖШС басшысына қатысты тергеп-тексеру аяқталды, деп жазады sputnik.kz.
"2022 жылы қаңтарда Samruk-Kazyna Construction мен "Дорстройтрест" серіктестігі арасында құрылысқа инвестиция салу туралы келісімшарт жасалып, 2,6 млрд теңге көлемінде аванс төленген. Алайда құрылыс жұмыстары белгіленген мерзімде аяқталмаған және өрескел бұзылған", - дейді агенттік.
Ал күдіктілер алдын ала алған ақшаны құрылысқа қатысы жоқ қарыздарды өтеуге және автокөлік сатып алуға жұмсаған.
"Сонымен қатар 650 млн теңге жалған шарттар арқылы компаниялардың шотына аударылып, қолма-қол ақшаға айналдырылған. Қылмыстық жолмен алынған кіріске 23 млн теңге тұратын екі автокөлік сатып алынып, оларды тәркілеуден жасыру үшін сенімді адамдардың атына рәсімделген", - дейді ведомство.
Сот санкциясымен күдіктілердің 170 млн теңге тұратын барлық мүлкіне – 5 автокөлік пен Астанадағы пәтерге тыйым салынды. Оларды қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы тағайындалды.
"Samruk-Kazyna Construction" бұрынғы басқарушы директорына халықаралық іздеу жарияланды.
"Samruk-Kazyna Construction" (бұрынғы "Самұрық-Қазына "жылжымайтын мүлік қоры") Қазақстанда құрылыс саласын дамытуға жәрдемдесу мақсатында 2009 жылы құрылды. Компания тұрғын үй құрылысы объектілеріне инвестиция құюды жүзеге асырады.