Негізі, бұл өзгерістер ағымдағы жылдың ақпан айынан бастап «Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма басшысы Ахметжан Есімовтің тапсырмасы бойынша енгізіліп жатыр.
ERNUR.KZ. «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ тендерлерді өткізу мерзімін шамамен екі есе қысқартты, деп жазады ҚазАқпарат.
«Егер бұған дейін тендер өткізу уақыты 65 күнге созылса, мерзімдерді оңтайландыру нәтижесінде бұл шара шамамен 38 күнге қысқарды. Мәселен, zakup.sk.kz жаңа электронды сатып алу порталында келесі шаралардың мерзімдері қысқартылды: сатып алуды хабарлау, тендерлік өтініштерді жинау 15 күннен 10 күнге дейін, өтініштерді қайта қарау 10 күннен 5 күнге дейін қысқарды. Келісімшарт жасасу енді 10 күннің орнына 5 күнде бітеді. Аталған өзгерістер мен толықтырулар «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ тауарлар, жұмыстар мен қызметтерді сатып алу ережелеріне енгізілді және ағымдағы жылдың 1 тамызынан бастап күшіне енді» делінген хабарламада.
Негізі, бұл өзгерістер ағымдағы жылдың ақпан айынан бастап «Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма басшысы Ахметжан Есімовтің тапсырмасы бойынша енгізіліп жатыр. Сатып алу мерзімдерін қысқарту бойынша бірқатар шешімдер қабылданды. Атап айтқанда, біліктілік бойынша алдын ала іріктеуден өтудің уақыт тәртібі нақтыланды. Соның арқасында бұл шараның мерзімі 45 күннен 18 күнге дейін, яғни 2,5 есе қысқарды. Сондай-ақ, тендер өткізу шарасы екі есе қысқарып, баға ұсынысын сұрау арқылы өтетін сатып алулар 21 күннен 15 күнге дейін оңтайландырылды.
Ағымдағы жылдың 21 мамырында ашық тендерлерді өткізу шарасы tender.sk.kz порталынан жетілдірілген, әрі жаңғыртылған zakup.sk.kz порталына көшірілген болатын.
Zakup.sk.kz электронды сатып алулар порталы 2018 жылдың ақпан айында іске қосылды. Осы уақыт аралығында жүйеге 18 мыңнан астам тапсырысты орындаушы тіркелді. Жаңа сатып алу алаңында 27 мыңнан астам сатып алулар өткізілді.