​Санитарлық бас дәрігер ішек ауруын тудыратын қауіпті тағамды атады

0
1 653

Жүзімді алдымен қайнаған суға, артынша сода қосылған суға бір салып алып, содан кейін таза сумен шаю керек», - деп кеңес берді Бекшин.


​Санитарлық бас дәрігер ішек ауруын тудыратын қауіпті тағамды атады

Жаз мезгілінде микроағзалар тез дамитын бірқатар тағамдар ішек ауруын тудыруға, улануға аса қауіпті болып табылады. Бұл жөнінде Қазақстанның орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің төрағасы, бас санитарлық дәрігер Жандарбек Бекшин мәлімдеді, деп хабарлайды ERNUR.KZ. Baq.kz сайтына сілтеме жасап.

«Күннен-күнге ішек ауруларының саны көбейіп бара жатыр. Бұл жылда болатын жағдай. Себебі, бұл маусымдық аурулар түріне жатады. Біздің Қоғамдық денсаулық сақтау комитеті Қазақстанда бар 99 инфекцияға және шет елден туристер алып келуі мүмкін безгек, малярия, секілді инфекцияларға күн сайынғы мониторинг жүргізіп отырады. Қазақстандықтар ТМ елдері арасында шет елге шығу көрсеткіші бойынша екінші орында тұр. Бұл бізді бір шетінен қуантса, екінші жағынан, сақ болуға шақырады. Қазір елдегі эпидемиологиялық жағдай тұрақты. 9 нозология бойынша, яғни, Сібір мерезі, малярия, оба, іш сүзегі секілді аурулар тіркеліп отырған жоқ. Сол сияқты, тубекулез ауруына шалдығу жағдайы 7,3% төмендеді», - деді бас санитарлық дәрігер.

Бекшиннің берген мәліметіне сәйкес, тері лейшманиозға шалдығу 44 есе, бруцеллез 17,4 есе, бактериялық дизентерия 13% төмендеген.

«Жаз мезгілінде ішек ауруларына шалдығу, улану секілді жағдайлар жиі орын алады. Осы мәселеге қатысты ең алдымен үй жағдайында тамақ дайындау жайында айтқым келеді. Барлық кесапат осы жерден басталады. Себебі, үй шаруасындағы жеке гигиена, дайын және шикі азық-түлікті орналастыру және сақтау тәртіптері мен мерзімі сақталмайды. Ыстық ауа райы жағдайында тамақты салқын емес жерде бір сағаттан астам уақытқа қалдыруға болмайды. Тіпті, тоңазытқыштың өзінде ол 6-12 сағаттан артық сақталмауы керек», - деді комитет төрағасы.

Ол жаз мезгілінде тамақты артығымен әзірлемеуге кеңес берді. Себебі, тоңазытқышта сақтаулы тұрған тамақта да микроағзалар пайда болуы мүмкін.

«Аса қауіпті тағамдарға назар аударғым келеді. Бұл ең алдымен, майонез және қаймақпен қосылған салаттар. Себебі, дәл осы тағамдарда микроағзалар өте қарқынды дамиды. Сонымен қатар, арнайы сақтауды талап ететін және жұмыртқаның ағуызымен дайындалған кремді торттар мен тәттілер де қауіпті. Ал, жеміс-жидектен ең алдымен құлпынайға көңіл бөлу керек. Себебі, бұл қиын жуылатын жемістер. Жүзімді алдымен қайнаған суға, артынша сода қосылған суға бір салып алып, содан кейін таза сумен шаю керек», - деп кеңес берді Бекшин.