ЖОО-ны жабу туралы сот шешімдерінің қабылдануына қарай Министрлік прокуратура, әкімдіктер, сондай-ақ басқа да ЖОО ректорларымен бірлесіп жұмыс топтарын құрды.
Коллаж: Kazinform/Canva
ERNUR.KZ. Бірнеше жыл бұрын жекеменшік жоғары оқу орындарындағы білім сапасына қатысты біраз сын айтылған еді. Бұл тұрғыда ол ЖОО-ларда қандай кемшіліктер анықталды? Бұл сұраққа Ғылым және жоғары білім министрлігінің Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті жауап берді, деп жазады inform.kz.
- Мемлекет басшысының 2019 жылғы 2 қыркүйектегі «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында сапасыз білім беретін жоғары оқу орындарының қызметін қысқарту бойынша берген тапсырмасын орындау аясында соңғы бес жылда сапасыз білім беретін жоғары оқу орындарының саны 16-ға қысқарды, сондай-ақ 66 ЖОО дайындықтың бейінді емес бағыттары бойынша лицензияға қосымшаларды кері қайтарды, - делінген ведомствоның берген жауабында.
Комитет ақпаратына қарағанда, ЖОО-ны жабу туралы сот шешімдерінің қабылдануына қарай Министрлік прокуратура, әкімдіктер, сондай-ақ басқа да ЖОО ректорларымен бірлесіп жұмыс топтарын құрды. Жұмыс тобы білім алушылардың мүдделерін қорғау және қоғамда әлеуметтік шиеленісті болдырмау мақсатында білім алушыларды оқуын жалғастыру үшін басқа ЖОО-ларға ауыстыру және профессор-оқытушылар құрамын жұмысқа орналастыру бойынша шаралар қабылдады.
Атап айтқанда, 2024 жылы Министрлік ЖОО-ларда ғылым және жоғары білім саласындағы заңнамасының сақталуына 27 мемлекеттік бақылау шараларын жүргізді. Жүргізілген мемлекеттік бақылау шараларының нәтижелері бойынша ЖОО-ларға қатысты анықталған кемшіліктерді жою туралы ұйғарымдар шығарылып, лицензияның қолданылуын тоқтата тұру және айыппұл салу түріндегі әкімшілік жауапқа тартылды. Сондай-ақ, кадрларды даярлаудың тиісті бағыттары бойынша лицензияларға қосымшалар кері қайтарылды.
- 2025 жылы Ақтөбе қаласындағы Қазақ-орыс Халықаралық университетінің қызметі тоқтатылды. 2025 жылғы наурызда студенттерді жаппай оқудан шығаруға қатысты БАҚ-та жарияланғаннан кейін, Министрлік жоспардан тыс тексеру жүргізді. Оның нәтижелері бойынша біліктілік талаптарын, ЖОО қызметінің үлгілік қағидаларын, қабылдау қағидаларын және мемлекеттік білім беру стандарттарын сақтамауды қоса алғанда, 22 тармақ бойынша өрескел заң бұзу деректері анықталды. Былтыр 25 сәуірде Министрлік бұл ЖОО-ға қатысты айыппұл салу және университеттің бас лицензиясынан айыру туралы шешім қабылданды. ЖОО Лицензиялардың мемлекеттік тізілімінен түпкілікті алынып тасталып, 2025 жылдың түлектері оқуын аяқтап, Қазақ-Орыс Халықаралық университетінің дипломын алды. Қалған студенттер батыс өңірінің аккредиттелген жоғары оқу орындарына ауыстырылды. Осылайша, сапасыз білім беретін ЖОО-ларға қатысты лицензиядан айыруға дейін шараларды қабылдай отырып, білім беру қызметтерінің сапасын қамтамасыз ету жөніндегі жұмыс үздіксіз сипатқа ие және оны Министрлік бірнеше жүйелі негізде жүргізетін болады, - деп аталып өткен ведомство ақпаратында.
Айта кетейік, Үкіметтің биылғы алғашқы отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов жекеменшік мектептер мен медициналық ұйымдарды субсидиялауда алаяқтық кеңінен тарағанын мәлім етті.


