Әйел диванда баласын жібермей ұстап жатыр екен.
ERNUR.KZ. Семей қаласында әйел адам дәрі ішіп алып, пәтерді өртеп жіберді. Үйде алты жастағы ұлы болған. Бала 112 нөміріне қоңырау шалып, көмек сұраған екен, деп жазады altaynews.kz.
Оқиға 14 маусымда болды. 101 қызметіне ұялы телефон нөмірінен белгісіз әйел адам хабарласып, дәрі ішіп алғанын және дәл қазір пәтерін өртейтінін айтқан. Диспетчер одан мекен-жайын сұраған, алайда ол айтудан бас тартады. Бұдан кейін диспетчердің қоңырауларына жауап бермей қойған.
Біраз уақыттан кейін 112 нөміріне кішкене бала қоңырау шалады. Ол анасының көп дәрі ішкенін, үйдің ішінде қағаздардың, кілемнің өртеніп жатқанын айтады, көмек сұрайды. Диспетчер баладан анасының аты-жөнін, мекен-жайын анықтап алады.
Оқиға орнына келген құтқарушыларға әйел есік ашпайды. Пәтердің ішінен баланың шырылдап жылаған дауысы естіліп жатқан соң, құтқарушылардың бір бөлігі есікті бұзып ашуға кірісіп, қалғаны басқыш арқылы терезеден кірмек болады.
Пәтерден 43 жастағы әйел мен 6 жастағы бала табылды. Әйел диванда баласын жібермей ұстап жатыр екен. Құтқарушылар екеуін таза ауаға шығарып, жедел жәрдем қызметкерлеріне тапсырады. Әйел Бүйрек орталығының токсикология бөліміне дәрі-дәрмекпен улану деген диагнозбен жатқызылған. Ал баланың денсаулығына еш зиян келмегені анықталып отыр.
Қазір оқиғаның мән-жайы анықталуда.